Жәрмеңкеде 82 адам өзіне лайықты жұмыс тапты
Қарағандыда кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Шара аясында 281 азаматқа 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде консультация берілді, оның ішінде 82 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алды. Сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға – 5, жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасуға 32 жолдама берілді.
Бос орындар жәрмеңкесінде қаламыздың 45 жұмыс берушісінен 800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Жәрмеңкеге «Қарағанды қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия», Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының пробация қызметі, ҚАЖД, жеке сот орындаушылары, сондай-ақ Қарағанды қаласының «Отбасын қолдау орталығы» қатысты.
Сонымен қатар шара аясында келушілер үшін «Jumys Tap» жобасы, тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағыттары бойынша жұмысқа орналасу мәселелері жөнінде консультация ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, барлық өзекті бос жұмыс орнымен enbek.kz порталынан танысуға болады.
Байланыс телефондары: 8-775-644-35-80, сall center: 8-7212-60-50-50.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»