Қайырымдылық дастарқаны

Қарттар күні қарсаңында әлеуметтік көмек бөлімшесі үйдегі егде жастағы адамдар мен І, ІІ топтағы ерекше жандар үшін қайырымдылық дастарқанын жайды.

Кеңпейілділікке толы кездесу. Жыл сайын 1 қазанда бүкіл әлемде атап өтілетін Қарттар күні қарсаңында осындай тамаша қайырымдылық науқаны өтті. Отырысқа үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде қамқорлыққа алынған қарттар мен І және ІІ топтағы ерекше жандар шақырылды. Қонақтар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, дәмді дастарқан жайылды.

– Әлихан Бөкейхан ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 720 жалғызбасты және жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Халықаралық қарттар күні мерекесінің қарсаңында, мейрамханамен біріге отырып, алпыс адамға қайырымдылық науқаны ұйымдастырылды, – дейді бөлім меңгерушісі Алтынай Шәкәрім.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны 2 миллионнан астам адамды құрайды. Тек Қарағанды бойынша мүмкіндігі шектеулі ретінде тіркелген адамдардың саны 56 мыңнан асты. Өкінішке қарай, кейбір зейнеткер мен ерекше жандардың өмірлік қиын сәттерден кейінгі қоғамға сіңісуі оңайға соқпайды, тіпті көбісін өздерінің ет-жақындары тастап кеткен. Сондықтан да олар үшін ұйымдастырылатын дәл осындай шаралардың үзілмей өткізілуі өте маңызды.

– Бұл науқанда бізге Жаңа Майқұдық үйінің әртістері өнер көрсетеді. Денсаулықтарына байланысты үйлерінен шыға алмайтын бізде қызмет алушылар бар. Ол кісілерді әлеуметтік қызметкерлер, үйлеріне барып құттықтайды. Аталған мереке қарсаңында барлық қазыналы қариямызды мерекелерімен құттықтаймын, – деді Алтынай Шәкәрім.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»