Отбасыларды облыстық байқауға қатысуға шақырады

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы «Тіл қазына» әлеуметтік жобасы аясында «Үлгілі отбасы» байқауын өткізеді. Оған аймақ аумағында тұратын отбасылар қатыса алады.

Отбасы кем дегенде бес адамнан тұруы керек: атасы немесе әжесі, әкесі мен анасы және екі баласы.

Байқау екі кезеңнен тұрады – іріктеу және қорытынды.

Іріктеу 10 қазанға дейін жалғасады. Конкурсқа қатысатын командалар өтініммен бірге портфолиосын til-qazyna@mail.ru электрондық мекенжайға жіберуі қажет. Үміткерлер іріктеу кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетіп, ұзақтығы екі минуттан аспайтын бейнепрезентация дайындауы тиіс.

Іріктеуден өткендер 18 қазанда өтетін қорытынды турға қатысады. Қорытынды кезеңге іріктеуден өткен 7 отбасы қатысады. Бұл кезең 3 бөлімнен тұрады

І бөлім: «Танысу».

Отбасы қазақтың дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын насихаттай отырып, өзін таныстырады. Барлық отбасы мүшесінің қатысуы құпталады. Әр команданың өз отбасын таныстыруға 2 минуты болады.

Қазылар алқасы бірден баға береді.

ІІ бөлім: «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер».

«Аталар сайысы».

Бұл кезеңде әр командадан атасы мен баласы немесе немересі ортаға шығып, экранда көрсетілген ұяшықтағы қазақтың қолөнері, бата беру, ұрпағына өсиет айту, шежіре тарқату, туған жерінің белгілі тұлғаларын насихаттау бағытындағы ой өрбітеді (отбасындағы атаның ұлына (немересіне) көрсетер өнегесі).

«Әжелер сайысы».

Бұл кезеңде әр командадан әжесі мен қызы (келіні) немесе немересі сахнаға шығып, экранда көрсетілген ұяшықтағы қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрін насихаттап, ұршық иіру, жүн түту, бесікке салу, оюлар ойып көрсету тәрізді өнер түрінің бірін таңдап, өз өнерін ортаға салады (отбасындағы әженің қызына (келіні), немересіне көрсетер өнегесі).

«Әкелер сайысы».

Бұл кезеңде әр командадан әкесі мен ұлы (қызы) сахнаға шығып, экранда көрсетілген ұяшықтағы садақ ату, атты баптау, тазыны баптау, аңға шығу, киіз үй құрастыру, амандасу мәдениеті бағытында ой өрбітеді (отбасындағы әкенің ұлына (қызына) көрсетер өнегесі).

«Келіндер сайысы».

Бұл кезеңде әр командадан келіндер сахнаға шығып, ұяшықтағы қазақтың ұлттық тағамдарының жасалу тарихына, қазақтың ұлттық киімдеріне қатысты қойылатын сұрақтарға жауап береді (отбасындағы ананың балаларына көрсетер өнегесі).

«Балалар сайысы».

Бұл кезеңде әр командадан балалар сахнаға шығып, ұяшықтағы қазақтың белгілі тұлғаларына (хан, би, жыршы-жырау, батыр, ақын, жазушы) қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, асық атудан жарысып, мергендігін көрсетеді.

Әр бөлімге 2 минут уақыт беріледі. Қазылар алқасы бірден өз бағасын береді.

ІІІ бөлім: Марапаттау сәті.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

– Бас жүлде – 1 000 000 теңге;

– 1 орын – 700 000 теңге;

– 2-ші – 500 000 теңге;

– 3-ші – 300 000 теңге;

– көтермелеу сыйақысы – 100 000 теңге.

Байқау туралы толығырақ мына телефондар арқылы білуге болады: 8-701-953-09-37 (WhatsApp), 8-708-704-99-75.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»