Астық жинау маусымы

Шаруалар шабындыққа шалғы салды. Облысымызда күзгі жиын-терім маусымына дайындық басталды. Астық жинау ісі бойынша облыс басшысы бірнеше тапсырма берді.

Ағымдағы жылы дәнді-дақылдар алқабы 909,3 мың гектарды құраса, оның 766,6 мың гектары бидай. Сонымен қатар, ауылшаруашылық субъектілері 34,9 мың гектар алқаптан майлы дақылдарды, 11 266 гектар картопты, 979,3 гектар көкөністерді жинауға тиіс, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

– Бүгінгі күнгі, дәнді-дақылдардың егістік алқаптары жағдайы бойынша 83 пайыз жақсы. 16,3 пайызы қанағаттанарлық, 0,7 пайызы нашар жағдайда және киіктер таптаған 0,06 пайызы жойылған, – деді Сырым Бошпанов.

Болжам бойынша орташа өнімділік 9,8 ц/га құрайды. Диқандар 887,9 мың тонна астық жинауды жоспарлап отыр, оның ішінде 749 мың тонна бидай егіс алқабына 2 мыңнан астам комбайн шығады. Комбайндар мен пештерден астықты тасымалдау үшін 3 500-ден астам техника пайдаланылады. Шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауданда астық сақтайтын контейнерлер жеткілікті. Олардың барлығы өнім қабылдауға дайын.

– Ағымдағы жылы, дәнді-дақылдарды жинау көлемі 134 200 гектарды құрайды. Оның ішінде бидай 100 600 гектар, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда, 2009 гектарға артық. Бүгінгі таңда, жалпы егін жинау алаңын 134 200 гектарының дәнді-дақылдары егісінің 80,5 пайыз жағдайы жақсы. 19,5 пайыз жағдайы қанағаттанарлық, – деп атап өтті Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали.

Бүгінгі таңда 300 гектар алқаптан картоп жиналды, оны жинауға 50 бірлік техника жұмылдырылып, 10 гектар көкөніс жиналды. Десе де қыркүйек айының алғашқы он күнінде жаппай жиналым жоспарланып отыр.

– Заңнамада белгіленген тәртіппен астықты қабылдау пункттері және астық кептіру қызметін көрсететін кәсіпорындардың өнімін өнімді тәулік бойы қабылдау бойынша шаралар қабылдансын. 2025 жылғы егіске қажетті көктемге тұқымдық құюды қамтамасыз етілсін, – деп тапсырды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Әр гектардан 10 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне егінді дер кезінде және ысырапсыз жинауды қамтамасыз етуді тапсырды. Егін жинауға қатысатын ауылшаруашылық техникасын толық дайындап, арзандатылған дизель отынын уақытылы шығару керек.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»