Газдандыру қызметі

Қарағанды мен Теміртауда көгілдір отын 7 621 үйге тартылды. Ал көп ұзамай Шахтинск тұрғындары да табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізетін болады. Облыста газдандыру жұмыстары қызу қарқында. Аймақ басшысы төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірді газдандыру жұмыстарының орындалысы сұралды.

Соңғы үш жыл бойы Қарағанды облысын газдандыру жұмыстары жіті назарда, қажетті бақылауда. Аймақтарды газдандыру бағдарламасы шеңберінде бұл күнде Қарағанды мен Теміртау қалалары бойынша 7 621 үйге көгілдір отын тартылды. Серіктес қалаларға газ тарту ісі де кесте аясында жалғасын тапқан. Мәселен, жақында Шахтинск қаласының жұртшылығы табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізгелі отыр. Нақтылай өтсек, газдандыру жобасы серіктес қалада өткен жылдан бастап іске асырылуда, биыл автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы аяқталуы тиіс, деді шенеуніктер.

– Өткен жылы Қарағанды мен Теміртау қалаларында үшінші іске қосу кешендерінің абоненттері үшін жеке тұлғалар үшін 4 432 техникалық шарт берілді, – дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Сайып келгенде Қарағанды мен Теміртау қалалары бойынша 7 621 үйге көгілдір отын тартылып, 3 мың 573 газбен жабдықтауға қосылған. Бұл 47 пайызды құрап отыр, деді басқарма басшысы. Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы жұмыс ауқымы нәтижелі соған қоса Шахтинск қаласы шетіне дейін бұл күнде жоғары қысымды газ құбыры тартылған. Сонымен қатар Осакаров ауданын және Саран қаласының ішкі желілерін газдандыру үшін жобалық сметалық құжат даяр. Ақтау және Ғабиден Мұстафин кенттерін газдандыру жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да алынғаны айтылды. Бұл жобалар туралы республикаға мәлімдеме жасалып, келер жылы үкіметтен қаржы бөлінеді деп күтілуде. Бұл жұмыстар жоспарға сай атқарылуда болғанымен, Қарағанды қаласында газға қосылған тұрғындар көрсеткіші аз, деді аймақ басшысы. Теміртау қаласы бойынша газға қосылған үйлер көрсеткіші де сұралды. Аппараттық кеңес отырысында тұтынушылардың газға қосылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру керектігі айтылды. Бұл ретте «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы белсенді үгіт-насихат жүргізуде, тұтынушыларға үйге газ қондырғысын орнату үшін жеңілдетілген несиелер алу мүмкіндіктері бар екені де түсіндірілуде.

Айта кетейік облыстық билік ұсынысымен, тұрғындарды газға қосу үшін сұралар құжаттар тізімі едәуір азайтылған. Газдандыру жұмысы билік тарапынан барынша назарда, соған сай сол көгілдір отын игілігін көрер тұтынушы тарапынан да газға қосылуда белсенді әрекет болса дейді. Осы мақсатта қала, аудан әкімдеріне тапсырма берілді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»