Табиғатты аялайық
«Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар елдімекенде тазалық орнады. Жалпы республикалық экологиялық акция шеңберінде біздің Қарағанды облысында бей-берекет шоғырланған 367 қоқыс алаңы аршылды. 70 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылған. Аймақты тазарту мен көркейту бағытындағы акцияның қорытындысы қандай?
Сәуір айында басталып, бірнеше аптаға ұласқан жалпы республикалық тазалық және көркейту акциясы өз игілігін көрсетуде. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында өңірімізге қарасты елдімекендерден 70 мың тонна күл қоқыс қалдығы шығарылыпты. 24 мыңнан астам аула аумақтары, тұрғын үйлер маңайы тазартылған. Облысымыз бойынша 273 саябақ алаңқайлар аумағы да күл қоқыстан аршылып, тазалық пен тәртіп орнады. Бей-берекет үйілген, яки тіркелмеген қоқыс алаңдары да қоқыс үйінділерінен арылды. Сайып келгенде, өңірімізде 367 қоқыс алаңы жойылған. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы қала мен ауданда жалпы елдімекендерде түгелдей жалғасын тапты. Мәселен, Абай ауданында экологиялық акция шеңберінде 22 арнайы техника мен 70 тен астам еңбек ұжымдары тазалық көркейту шараларына жұмылдырылған.
– «Таза Қазақстан» акциясы барысында төрт жарым мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Саябақтар мен алаңқайлар аумағын тазарттық. Тарихи мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру апталығында 15 ескерткішті жаңартып, ретке келтірдік. Алты жарым мыңға тарта жас көшет егілді. Сонымен қоса су айдындары аумақтарын тазарту ісі де жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын 25 су тоғандарында да тазарту жұмыстары жүргізілді, – дейді Абай ауданы бойынша ТКШ бөлімінің бас маманы Азамат Бақтыбай.
Елдімекендерді тазарту, өлкемізді абаттандырып, тарихи мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруді мақсат тұтқан «Таза Қазақстан» акциясы 5 тақырыптық апта аясында жалғасын тапты. Атап өтсек, алғашқы апта қыс мезгілінен кейін қалалар мен елдімекендердің аумағын жинау жұмыстарына арналып, «Таза өлке» тақырыбымен айшықталды. Одан кейінгі апта «Киелі мекен» атауымен өтіп тарихи-мәдени ескерткіштер аумағында жұмыс жанданды. Акцияның үшінші апталығы «Жасыл аймақ» тақырыбында өтіп бұл апталық барысында облысымызға қарасты мемлекеттік қор аумағына 90 мың ағаш отырғызылды. Сонымен қоса елдімекендер аумағына 41 мыңнан астам көшет егіпті. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының одан кейінгі аптасы «Мөлдір бұлақ» атауымен ұйымдастырылды. Ол апталық өзендер мен көлдердің жағалау аумақтарын тазалауға арналды. Одан кейін, «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығы жалғасын тапты. Бұл игілікті бастамаларға белсенді көпшілік, еңбек ұжымдары, жастар, еріктілер атсалысты. Сайып келгенде, облысымыз бойынша «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы акцияға 149 мың тұрғын, 10 750 жуық кәсіпорын және 1433 бірлік арнайы техника тазалық жұмыстарына жұмылдырылған. Елдімекендерді қоқыс қалдықтарын тазарту барысында қоқыс жәшіктері де жаңадан орнатылды. Мәселен, 1102 контейнер алмастырылды. Сондай-ақ, 278 контейнер алаңы жасақталды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»