Бала қауіпсіздігі
Мамандар дабыл қағуда. Бүлдіршіндердің терезеден құлау оқиғасы жиілеп кетті. Жалпы, жаз маусымында балалардың қараусыз қалуынан туындар қайғылы оқиғалар қоғамды алаңдатып отыр. Осы мақсатта ТЖ өкілі, Білім бөлімі мен Отбасын қолдау орталығының мамандары жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігі туралы ескерту жасап, арнайы брифинг өткізді.
Балалардың терезен құлаған оқиғаларын әр апта сайын естиміз, елең етеміз. Өкініштісі – сол: қорғансыз, алаңсыз сәби ата-аналардың, ересектердің кінәсінан жоғарыдан құлап мерт болуда. Бұл қайғылы оқиғалар статистикасы да жан түршіктіреді. Қарағанды облысында баланың терезеден құлауына қатысты бұл күнде 12 оқиға тіркеліпті, 2 оқиғада сәби аман қалмады.
– Терезеден құлап кету оқиғасы соңғы уақытта көбейіп отыр. Мұның себептері белгілі. Соның бірі – қазірде пластик терезелер ұзына бойы еркін ашылады. Терезе жақтауына сүйеніп шыққан бала құлап кетеді. Сондықтан терезе жасатқанда баланың қауіпсіздігіне ерекше мән берулеріңізді сұраймыз, – дейді Қарағанды қалалық ТЖБ басшысы Бауыржан Хабдуллин.
ТЖБ басшысы пластик терезені оңайлықпен ашылмайтындай қылып, бала қауіпсіздігін қатаң ұстанып жасатқан дұрыс екенін ескертеді. Құтқарушылар терезе даярлайтын компания өкілдерімен де тілдесіп, терезе құрылысында бала қауіпсіздігі мәселесін назарға алу керегін айтуда. Бұл өз алдына, баласының қауіпсіздігі үшін ең алдымен ата-аналар өздері қам қылып, терезелерін қауіпсіз етіп жасақтауы тиіс.
Брифинг барысында Бауыржан Хабдуллин құрылыс дүкендерінде терезеге орнатуға болатын қорғаныш құралдары да сатылатынын атап өтті. Ал Білім бөлімінің өкілі баланың жазғы қауіпсіздігі жайында ата-аналарға ескерту жасалатынын, ақпараттандырып отыратындарын мәлімдеді.
Сәбилердің терезеден құлау жағдайларын сараптаған мамандар балалардың көбі үйінің терезесінен құлағанын, яғни ата-аналардың әлі де болса жауапкершілігін сезінбегенін айтып қынжылды. Яғни бала қауіпсіздігі үшін үйде қажетті шаралар жасалмауынан, ересектер салғырттығынан туындап отыр. Әр адам баласының өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қойып, үйдегі бала қауіпсіздігіне ерекше мән берсе, көптеген келеңсіз оқиғаның алдын алуға болады. Онда бала да аман, ата-ана да уайымсыз болар еді. Әсіресе балалардың қазіргідей жазғы демалысында ата-анасы жұмыста болғанда, балаға үйде де, түзде де қауіп төнуі ықтимал, сондықтан бала амандығына аса мән беру керегі тағы да ескертілуде.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»