Тұрғындарды қолдау

Қарағанды қаласында аз қамтылған отбасыларға ұсынылар тұрғын үй көмегін тағайындау мөлшері мен тәртібі Қарағанды қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қарастырылды. Онда коммуналдық төлемдер көлемін нақтылау арқылы әлеуметтік санаттағы тұрғындарымызды қолдау турасында тоқталды.

Қалалық мәслихаттың кезекті 21-сессиясында қарастырылған маңызды мәселенің бірі тұрғын үй көмегі өтемақысын төлеуге қатысты. Нақтылай өтсек, Қарағанды қаласында тұратын әрі тұрақты тіркелген және меншігінде бір ғана пәтері бар, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында отбасылық кірісі күнкөріс деңгейі межесінен аз азаматтарымыздың коммуналдық шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеп беру көмегі көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін тағайындату үшін көрсетілетін қызметті алушы тоқсанына бір рет арнайы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға немесе «Электронды үкімет» веб-порталына жүгінеді. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, тұрғын үй көмегін алуға мүдделі отбасыларға өтемақы тағайындау тұрғын үй көмегін тағайындауды реттейтін нормативтік-құқықтық акт аясында жүзеге асырылады. Қала әкімінің орынбасары тұрғын үй көмегіне қатысты өзгерістер жөнінде Қарағанды облысының Әділет департаменті мен Қарағанды қаласының келісімін алғандарын айтты. Айта кетейік, тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы ұсынылған шешім жобасы қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында, сондай-ақ жоба шешімін жасаушы орган өкілдері қатысқан комиссия отырысында талқыланған.

– Назар сала айта кетейін дегенім – қалалық мәслихат шешімімен бекітілген жобадағы өзгерістер тұрғын үй көмегін ҚР-ның қолданыстағы заң аясында тағайындау үшін бекітілді. Жоба шешімін Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесі және Қарағанды облысы бойынша Әділет департаменті жақсы бағалап қорытындысын берді, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Марина Платонова.

Ұсынылған шешім жобасын қабылдауды депутаттар бірауыздан қолдады. Қалалық мәслихаттың комиссия отырыстарында осыған дейін пысықталып, қарастырылған жоба шешімінің орындалысы алдағы күн еншісінде. Айтары – бұл жобаның әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, табысы төмен отбасыларды тұрғын үй шығындары жағынан қолдауда айтарлықтай көмегі бар.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»