Жасөспірімдер мәселесі
Қарағандыда жыл басынан бері 1 416 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сәуір айында үйінен рұқсатсыз шығып кеткен 33 балаға іздеу жарияланыпты. Бұл жайында Қарағанды облыстық полиция департаменті Ювеналдық полиция қызметінің аға инспекторы Әсел Омарова айтты.
– Сондай-ақ жыл басынан бері түнде ата-анасының қарауынсыз жүрген 1 416 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ойын-сауық мекемелерінде 58 бала анықталды. Сатушылар 185 жасөспірімге ішімдік және 68 балаға темекі өнімдерін сатқан. 2 жасөспірімнің мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, 8 оқушы арнайы мектепке, 45 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, – дейді Әсел Омарова.
Инспекторлармен қоса аймақтың күллі гарнизоны, мыңдаған полиция қызметкері мен еріктілер кәмелетке толмағандарды іздеуге шығыпты. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде барлық бала табылған. Олар медициналық тексеруден кейін отбасыларына оралыпты. Ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Үйден рұқсатсыз шығып кеткен 33 баланың 9-ы кәмелеттік жасқа толмаған. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, есепке алынды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»