САМОКАТ ТІЗГІНДЕУДІҢ ӘЛЕГІ

Облыс орталығында самокатшылар тарапынан орын алатын оқыс жайттар саны артуда. Мәселеге алаңдаушылық білдірген Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары жергілікті полиция қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен бірлесе қауіпсіздікті күшейтуге қатысты ұсыныстарды талқыға салды.

Қала көшелерінде электрлі самокатпен серуендеп жүрген жастарды көру күнделікті үйреншікті көрініске айналған. Дегенмен Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары қауіпсіздік тарапы ескерілмеген қызмет түрін жетілдіру жағын қарастырып, сақтық шараларын күшейту маңыздылығына тоқталды. Электрлі самокат тебу кезінде ұялы телефонды немесе өзге гаджеттерді қолдануға тыйым салынатынын ескеру қажет. Қозғалыс кезінде басқа шлем киіп, қол, тізе, бас пен шынтақты қорғайтын құралдарды тағу – шарт. Алайда самокаттарды жалға беретін кәсіпкер бұл жағын ескермейтін болыпты-мыс. Салдарынан зардап шегушілер саны еселеп артқанын мәлімдеді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Еркін-Дәуір Құрманғалиев.

– 2024 жылдың бірінші тоқсанына тоқталсам, 612 адам түрлі себеппен жарақат алған. Оның ішінде 87 науқас – 18 жасқа толмаған жасөспірім. Самокат салдарынан соңғы екі аптаның өзінде 10 зардап шегуші тіркелді. Үшеуі стационарлық көмекке жүгінді. Өте ойланарлық жағдай.

Қарағанды қалалық полиция басқармасының басшылығы да атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Тіпті айыппұл арқалаған жандар да бар екен. Алайда депутаттар қауіпсіздігі мүлдем ескерілмеген қызмет түрін алдымен жетілдіруді талап ету қажеттігін тілге тиек етті. Осы орайда халық қалаулылары Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы жетекшісіне самокатты жалға беретін компаниямен жүргізілген келісімшартты қайта қарауды ұсынды. Себебі самокатты басқаруға ниеттілердің жас ерекшелігіне, денсаулығына қарай тосқауыл қоюға мүлдем мүмкіндік қарастырылмағанын айтты Қарағанды қалалық әлеуметтік сала және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Марина Платонова.

– Қарағанды қалалық мәслихатына самокатқа қатысты көптеген шағым түсуде. Мәселе өзектілігін әлі де жоғалта қойған жоқ. Кәсіпкерлерге талап қою өте орынды. Өйткені халық денсаулығына қауіпті. Сондықтан қызмет түрлерін жетілдіру қажет. Сақтық шарасын күшейту аса маңызды. Бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды деп ойлаймын, – дейді Марина Платонова.

Естеріңізге салайық, электрлі самокаттар 2023 жылдың тамыз айында «Жол қозғалысы туралы» Заңға түзетулер күшіне енгеннен бастап ресми мәртебеге ие болды. Самокатқа екі адам мінуге болмайды. Жолды самокаттан түсіп кесіп өту керек. Жүк тасымалдауға болмайды деген қарапайым ережелерді сақтауға шақырды тараптар. Енді барлық ұсыныс хаттамаға толтырылып, Қарағанды қаласы әкіміне жолданады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»