НАУРЫЗ – МЕЙІРІМ МЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕЙРАМЫ

Наурызнама онкүндігіне орай Қарағандыда әр күні әр түрлі шара өткізілуде. Биылдан бастап 15 наурыз Қайырымдылық күні болып бекітілді. Атаулы күні Қарағанды облысының Балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қайырымдылық концертін өткізді. Мекеме тәрбиеленушілері мен қызметкерлері қайырымдылық концертпен Қарағанды облысының №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып «Жан шуағы» атты музыкалық кеш өткізді.

Бағдарламада балалар мен қызметкерлер бірге ән шырқап өнер көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылық мүмкіндіктерінің шексіздігін көрсетті. Арбада отырып билеген бишінің өнері көрерменді тәнті етті. Мерекелік көңіл-күй сыйлауға келген Балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар тәрбиеленеді. Қазір мекемеде 202 бала әлеуметтік қызмет алады, оның 160-ы стационар жағдайында тұрса, 42-сі жартылай стационар жағдайында күндізгі бөлімшеде ем алады.

Орталықта 8 түрлі қызмет көрсетіледі, олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер.

«Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі – қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктірген. Сол себепті Қайырымдылық күні қазіргі қазақ қоғамының басты құндылықтары болып отыр. Наурызнаманың бір күнін осы тақырыпқа арнау өскелең ұрпақ тәрбиесінде із қалдырары сөзсіз», – делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Қамқорлық пен жылылық күнінде өткен қайырымдылық концерті көрермендердің көңілінен шықты. Мереке соңында Қарағанды облысының №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әкімшілігі балаларға тәтті сыйлықтар таратып, жылы лебіздерін білдірді Наурыз мейрамына орай ақ тілектер төгіліп, бата берілді.

 

Нұрәсем АХАН,«QH»