Қаламыздағы Отбасын қолдау орталығында қайырымдылық шаралары өтті
Өткен аптада Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тәсілі туралы айтқан-ды. Биылдан бастап Қазақстанда көктем мерекесі жаңа форматта тойланады. Наурызнама онкүндігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтеді. Аталған онкүндік аясында 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел көлемінде қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
Осы орайда Қайырымдылық күніне орай Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығында қос бірдей қайырымдылық шарасы өтті. Алғашқы шара аясында «Көктем» компаниясының демеушілігімен ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін мереке ұйымдастырылып, балаларға ойыншықтар, жөргектер, жуғыш заттар сыйға тартылып, тәтті дастарқан жайылды. Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері балалармен ойындар өткізді.
Сондай-ақ осы күні орталықтың акт залында «Te Amo Dance» би студиясы көпбалалы аналарға бачата бағытында тегін шеберлік сабағын өткізді.
– Біздің Отбасын қолдау орталығы көпбалалы аналарға, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар аналарға, жалғызбасты аналарға және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға барынша көмек көрсетеді. Бүгінгі іс-шаралар Наурыз мейрамын тойлауға орайластырылды. Мақсат – балалар мен аналарға мереке, жақсы көңіл-күй сыйлау. Қайырымдылық акциясына 30-ға жуық отбасы қатысып, ерекше балаларға мерекелік кеш ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар бүгін біз аналарға арналған бачата биінен тегін шеберлік сабағын ұйымдастырып жатырмыз. Алғаш рет өткізіліп отыр, алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз. Мұндай шеберлік сабақтарын айына екі рет өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Отбасын қолдау орталығының Әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметкері Зәмзәгүл Мамалинова.
«Te Amo Dance» студиясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Дарья Шпякинаның айтуынша, олардың студиясы қайырымдылық шарасына алғаш рет қатысып отыр, бірақ алдағы уақытта ұсыныстар көбейсе, қолдау көрсетуге дайын.
– Студиямыз ересектерге арналған, біз латынамерикалық билерді ұсынамыз. Студиямыздың жұмыс істеп жатқанына 4 жыл болды, бізге 50-70 адам келеді. Жас ерекшелігі маңызды емес, 16 және одан жоғары жастағылар. Бүгін бізде бачата бағытында шеберлік сабағы болады. Мастер-класс бір сағатқа созылады, шағын хореография болады. Қыздыру бөлімінен және негізгі қадамдарды түсіндіруден бастаймыз, сонымен қатар хореографияны толықтыратын әдемі элементтерді қосамыз. Бүгін келген аналар жағымды эмоция алады, қызығушылық танытады және осы бағытта дами бастайды деп сенеміз. Студиямыз қайырымдылық шарасына алғаш рет қатысып отыр, бірақ алдағы уақытта да мұндай шараларды қолдауға, шеберлік сабақтарын көбірек өткізуге дайынбыз, – дейді «Te Amo Dance» студиясының негізін қалаушы әрі жетекшісі Дарья Шпякина.
Қамаш Кемелбаева – зейнеткер, бүгінгі таңда ол «Ана-Мама» қайырымдылық қорында ерікті болып істейді.
– Мен ешқашан бимен айналысқан емеспін, бірақ ән салғанды және билегенді ұнатамын. 53 жастамын, бұрын сауда саласында жұмыс істедім, қазір зейнеткермін, волонтерлік қызметпен айналысамын. Мен бачата биіне бірінші рет келдім. Ілгеріде бұл би туралы көп естідім, бірақ көрмедім және билемедім. Бүгін осы биді үйренбекке, өзімді сынап көрмекке шеберлік сабағына келдім. Өзім ерікті болғандықтан, мен де жаттықтырушылармен сөйлесіп, алдағы уақытта басқа әйелдерге де осындай шеберлік сабақтарын ұйымдастырғым келеді. Үйде отырған немесе өзіне уақыт таба алмай жүрген аналар үшін осындай іс-шаралар ұйымдастыру керек деп есептеймін. Әрбір әйел өзін-өзі дамыту үшін осындай шараларға қатысқанын қалаймын, әйелдер үнемі дамуы керек, – деп есептейді Қамаш Кемелбаева.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»