Қылмыс саны 20 пайыз азайды

Биыл Қарағанды облысында қылмыс саны 20 пайыз азайды. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 5 есе төмендеген. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша, 3 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектінің құқығы қорғалды. Оларға 97 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды.

119 қадағалау актісі енгізіліп, 33 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

– Қадағалау актілері негізінде 911 млн теңге өндірілді, оның ішінде 640 млн мемлекет кірісіне, жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын мүлік қайтарылды. 130 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл өндіріліп алынды. 5 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алу тоқтатылды. 90 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалды, – деді Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер.

10 кәсіпкердің құқығы қорғалып, заңсыз қозғалған тергеу тоқтатылды. Екі бизнес өкіліне елден шығуға қойылған негізсіз шектеу және алты кәсіпкердің мүлкіне заңсыз салынған тыйым алынып тасталды. Нәтижесінде кәсіпкерлерден түсетін шағым саны 40 пайыз төмендеді.

– Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда қадағалаудың барлық бағытында да оң көрсеткіш байқалады. Қылмыс саны 20 пайыз азайды. Бірде-бір ақтау үкімі шығарылған жоқ. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 5 есе төмендеді, – дейді Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер.

Активтерді қайтару жөнінде 51 млрд теңгені құрайтын 18 кәсіпорын жекешелендірілді. Заңсыз берілген 37 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Нұрәсем АХАН,

«QH»