Жақсылығы көп «Жас ғалым»

12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Әйгілі ғалымның құрметіне бұл дата елімізде «Ғылым қызметкерлерінің күні» болып бекітілген еді. Осы арқылы елдегі ғалымдардың мәртебесін арттыру және ғылыми саланың дамуын ынталандыру мақсат етілді. Десек те атаулы күн берумен ғана мәселе түбегейлі шешіле салмайды ғой. Ғылым дамуы үшін, оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі, лайықты жағдай жасалуы керек. Шешімін табуы тиіс мәселелері де бар. Оның ішінде жастарға да қолдау көрсетудің маңызы зор. Ал бұл қалай жүзеге асуда? Саралап көрсек.

Иә, кез келген мәселенің түйіні ең алдымен қаражатқа тіреледі. Яғни идеясы бар, білімі жеткілікті азаматтарға зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражат беру. Бұл бағытта елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтырдан бастап «Жас ғалым» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобаның аясында жыл сайын 1000 грант бөлу, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі, жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуді базалық қаржыландыруға 85 ғылыми-зерттеу институтын енгізу, 16 ғылыми ұйымның жабдықтарын жаңғырту жоспарланған.

«Жас ғалым» бағдарламасының игілігін қарағандылық ғалымдар да көріп отыр. Солардың бірі – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің химия және химиялық технология кафедрасының аға оқытушысы Марғұлан Қинаятов.

– Мен осы «Жас ғалым» жобасы аясында 500 мың теңгелік грант жеңіп алдым. Зерттеу жұмысымның нысаны – сүт өндіретін фабрикалардағы сарысуды тиімді пайдалану. Оны қаламыздағы «Нәтиже» сүт фабрикасының базасында зерттедік. Жалпы айтқанда, сарысудың адам ағзасына тигізетін пайдасы орасан. Сөйте тұра оны қалдық ретінде шығарудың қоршаған ортаға зияны да мол. Қазіргі таңда көптеген кәсіпорын бұл сарысуды пайдаланудан қашқақтайды. Өйткені ол қышқыл болғандықтан, қайта өңдеуде қиындықтар бар. Ал менің зерттеуімнің тақырыбы осы сарысудың негізінде шырын әзірлеу болған-ды. Ол үшін түрлі жеміс шырындарын қосып, әр қилы температуралық режимде сынап көрдік. Өйткені қайта өңдеу барысында сарысу құрамындағы адам ағзасына пайдалы элементтер жойылып кетпеуі тиіс. Кейін осы зерттеуімді жүйелеп, ғылыми мақала ретінде халықаралық журналға жібердім. Қазір жауабын күтіп отырмын, – дейді жас ғалым Марғұлан Қинаятов.

Оның айтуынша, қазір ғылымға белгілі бір деңгейде көңіл бөлініп отыр, әйтсе де бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса жандана түсу керек. Ең маңыздысы – насихаты жақсы болуы тиіс.

– Былтыр мемлекеттік грант нәтижесінде зерттеу жұмыстарын жүргіздік қой. Ал, жалпы, өзіміз осы салада жүргендіктен шама келгенше ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық беріп келеміз. Мәселен, сүт өнімдерінен чипсы шығару технологиясын тауып, патенттеп алған едік. Өздеріңіз де білесіздер, чипсы адам ағзасына, әсіресе асқазанға зиян. Алайда балалар оны жегісі келеді. Кейде ата-аналар баланың көңілін қимай алып беріп жатады. Бұл – өз басымда да болған жағдай. Қызым чипсы өнімін өте қатты жақсы көреді. «Алып бер» деп өтінетін, тіпті жылайтын кездері болады. Зиян екенін білесің, бірақ көңілін қимайсың. Сондықтан баланың да қолайын табатын әрі денсаулығына зиян келтірмейтін өнім шығару қажет болды. Осылайша әлемде алғаш болып сүт өнімдерінен чипсы шығару технологиясын аштық. Әйтсе де оны жаппай өндіріске шығаруға қолдың қысқалығы себеп болып отыр. Бір жағынан, отандық ғылымға жарнама, насихат жетіспейді, – дейді Марғұлан Қинаятов.

Бұл ойды Қарағанды индустриалдық университетінің аға оқытушысы Мақсат Әбішкен де қуаттап отыр. Жас ғалым тау-кен өндірісі барысында шығатын қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын табу мақсатында грант алып, өз идеясын теориялық және практикалық тұрғыда дәлелдеген.

– Жалпы, қазір Қазақстандағы ғылымды екі түрге бөліп қарауға болады. Біріншісі – ғылым үшін ғылыммен айналысу да, екіншісі – қоғам үшін ғылыммен айналысу. Ғылым үшін ғылыммен айналысу дегеніміз – тек жалаң теорияға сүйеніп қана зерттеу жұмыстарын жүргізу. Оның нәтижесі ешбір өндірісте пайдаға аспайды. Тек теория күйінде ғана қалып кетеді. Ал екіншісі – елге, қоғамға пайдасы тиетін жаңалықтар ашу. Өткенде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осыған мән беріп, «жалған ғылымды» азайтып, қоғамға пайдасы бар нақты салаға ден қоюды тапсырды ғой. Менің жеңіп алған грантым да осы салаға бағытталған. Яғни өндіріс нәтижесінде пайда болған қалдықтарды қайта кәдеге асырып, жаңа өнім алу. Бұл бағыттағы зерттеулерімді қазір аяқтауға жақындап қалдым. Мәселен, бізде, негізінен, шикізат өндіріледі. Алып кәсіпорындардан мыңдаған, тіпті миллиондаған қалдық шығарылады. Бұлардан экологияға келетін зиян да орасан. Ал осы қалдықтардан жаңа зат шығару мүмкіндігі бар. Мысалы, ферроқорытпа, кремний өндірісінің қалдықтарын қайта пайдалануға болады. Кәсіпорындар тарапынан да бұл тақырыпқа деген қызығушылық байқалады. Өйткені кей кәсіпорында миллиондаған тонна қалдық жиналып қалған. Бұларды өндіріске қайта жіберу жолын тапсақ, қыруар қаражат түсері анық. Оның үстіне, экологиялық мәселелерді де шешуге жол ашылар еді.

Дей тұрғанмен кемшіліктері де бар. Ол – кей кәсіпорынның қазақстандық ғылымға деген сенімсіздігі және өзінде бар дүниені жаңа технологиямен алмастыруға аса құлықты болмауы. Мәселен, менің докторлық диссертациям өзіміздің қаладағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ базасында орналасқан сортты илеме цехының жұмысын жетілдіруге бағытталды. Ол цехта қазір сортты илеме өнімдері 16 клетті стандартта шығарылады. Біз зерттеу жасау арқылы клет санын 12-ге дейін азайту жолын таптық. Бұл дегеніміз қаншама энергияны, ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрі дәл осы әдіспен өндірілген металдың сапасы да соғұрлым жоғары. Әйтсе де компания тарапынан бұл жаңалықты өндіріске енгізіп өзгеріс жасауға аса құлшыныс бола қойған жоқ. Бұған да, әлгінде айтып өткенімдей, қазақстандық ғылымның жеткілікті деңгейде насихатталмауы, бір сөзбен айтқанда, жарнаманың болмауы әсер етіп отыр, – дейді Мақсат Әбішкен.

Десе де жастар мемлекет тарапынан отандық ғылымды өркендетуге көңіл бөлініп, осы бағытта ауқымды шаралардың қабылданғанына қуанады. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Бұл ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталған. Қорытындысы бойынша ғалымдар санының бір жарым есеге артуы, елдің ғылыми экожүйесін жаңғырту, ғылымның нақты сектор проблемаларын шешуге қосқан үлесін арттыру, бюрократизация, цифрландыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясындағы жұмыс арқылы ғылымды әкімшілендіру сапасын жақсарту күтілуде.

Әрі мемлекет тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін гранттар есебінен елдегі ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы 2 есе өсті (2021 жылы – 152 мың, 2022 жылы – 252 мың). 2022 жылдан бастап ҒЗИ-дің 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру шеңберінде жалақымен қамтамасыз етілді. Енді біздің іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдарымыз гранттық конкурстарға қарамастан тұрақты қаржыландырылатын болады. Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт – ғылымға қызығушылық танытып отырған ғалымдар санының артуы. Елімізде 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, 46%-ды құраған.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»