Мажоритарлық сайлау жүйесінің оралуы

Алдағы сайлаудың ең басты он ерекшелігінің бірі ретінде сарапшылар 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бірмандатты округтер арқылы сайланатынын айтып жатыр. Меніңше, бұл – он ерекшеліктің бірі емес, ең бастысы. Өйткені бұл – өзі қалаған тұлғаны таңдау үшін халыққа берілген шынайы мүмкіндік.

Мажоритарлық жүйеге оралу – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келгеннен бері қолға алған реформаларының заңды жалғасы. Осы орайда Президенттің ең алғашқы бастамаларының бірі бейбіт шерулер өткізуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз абзал. Егер бұрын биліктің рұқсаты талап етілетін болса, Президент шеруге шыққысы келгендердің билікке ескертуін жеткілікті деп санады. Бұл заң жүзінде бекітілді. Мұндай өзгеріс қоғам тарапынан оң қабылданды, жұртшылық талай жылғы қасаңдықтың мұзы жіби бастағанын, жылымық соға бастағанын аңғарды.

Президенттің «Халық үніне құлақ асушы мемлекет» деген талабы халық пен билік арасын жақындата түсті. Қандай өтініш, нендей талап қойғыңыз келеді, кедергі жоқ. Әр түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі бұрынғыдай жылына бір рет өткізілетін жаттандылықтан арылып, жанды жүздесулерге айналды. Қоғамдық кеңестердің де орны, құқығы күшейтілді.

Қоғамның тынысын нақты бағалау мақсатында кейін Ұлттық құрылтайға айналған Ұлттық кеңес құрылды. Мұнда айтылған көптеген ұсыныс ресми құжаттарда көрініс тапты.

Президент Қасіретті қаңтардан соң саяси реформаларды барынша батыл әрі жедел жүргізуді қолға алды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 5 маусымда өткізілген референдумда халық Президент бастамаларына толық қолдау көрсетті. Халық референдумда көтерілген мәселелердің шешім таба бастағанын көріп, сезіне бастады. Басқасын айтпағанда, 1995 жылы «жоғалып кеткен» Конституциялық Сот халықпен қайта табысты. Енді еліміздің әрбір азаматы конституциялық құқығының бұзылмауына жол бермеу үшін Конституциялық Сотқа тікелей хабарласа алады.

Бірақ біз осы өзгерістердің бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алатынын ұмытпауымыз керек. Президент осы Жолдауда алғаш рет: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады», – деген болатын.

Ал ықпалды Парламентке қол жеткізудің бір жолы – мажоритарлық жүйе енгізу. Неге? Өйткені депутат тікелей халық арқылы сайланғандықтан, оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артады. «Сайлау туралы» Заңда сайлаушылар сеніміне селкеу түсірген депутатты кері шақырып алу тетігі де бар. Осындай механизмнің заңда қарастырылғаны өте дұрыс.

Сайлау орысша «выбор» деп айтылады. «Выбор» қазақшалағанда – таңдау. Демек, халық таңдау жасайды, көңілінен шыққан нақты тұлғаға дауыс беріп, сайлайды. Пропорционалды сайлау жүйесінде осындай таңдау жасау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Біздің елде саяси партиялардың халық арасындағы абырой-беделі де айтарлықтай жоғары емес. «АMANAT» партиясы ғана тұрақты жұмыс істейтінін айтып өтпесек, ақиқаттан аттаған болар едік. Көбіне тек сайлау жарияланған кезде ғана бой көрсететін болғандықтан, былайғы уақытта халық олардың бар-жоғын біле де бермейді. Міне, осындай жағдайда еліміздегі Мәжіліс қана емес, жергілікті мәслихаттар сайлауын да пропорционалды сайлау жүйесіне көшіру билікке болмаса, бұқараға еш пайдасы тимегенін өмір көрсетті. Иә, мұндай жүйе билікке өте тиімді болды. Мәжіліске, мәслихаттарға кімдерді өткізу сайлау кабиналарында емес, билік кабинеттерінде шешіліп жатты. Қасым-Жомарт Тоқаев мажоритарлық жүйені ортамызға оралту арқылы халықтың билікке тікелей араласуына жол ашты. Ең маңыздысы – осы. Әрине, Мәжілістің 30 пайызы осы жүйемен сайланатынын алға тартып, «Бұл тым аз, бәрібір Мәжілісте басымдыққа ие болмайды» деген пікір де жоқ емес. Осындайда «мұндай мүмкіндіктің бұрын мүлдем жойылып кеткенін неге ұмытамыз?» дегің келеді.

Қазір үміткерлер ұсыну науқаны жүріп жатыр. Жан-жақтан жарияланып жатқан хабарларға, ақпараттарға қарағанда, көпшілік тарапынан сайлауға деген қызығушылық, ынта артып келеді. Пропорционалды сайлау жүйесінің сайлауға деген ел сенімін жоғалтқаны – ащы да болса шындық. Ал сенім болмаған жерде сайлау бола ма? Сондықтан мажоритарлық жүйенің қайта оралуы «өшкеннің жанып, өлгеннің тірілгеніндей» әсер етіп жатқаны рас. Ендігі түйін – сайлауды әділ өткізу, дауыс ұрламау. Бұл биліктің де ел арасында көтеріліп келе жатқан беделін одан әрі өсіре түседі. Сондықтан билік тарапынан өз жолын өзі кесуге жол берілмейді деп сенеміз.

Абдолла ДАСТАНОВ,

«Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы