844 мүйіз тәркіленді

Құралай көз, жел жүйрік жануар ақбөкендер қызыл кітапқа енген, ерекше қорғауға алынған тұяқтылардың бірі. Ерекше қорғауға алмасқа болмайды. Өйткені құралай көзді киіктерге құныққандар қатары көп.

Киелі түз тағыларын көздің қарашығындай қорғайтын қорықшылардың әлеуеті бұрындары әлсіз еді. Соңғы жылдары болған қорықшылар өлімінен кейін олардың құзіреті артты. Бұрындары олар браконьерді қолға түсірсе, жалаң қол жауласатын еді. Кейінгі өзгерістерге сәйкес қорықшыларға кісен, бронежилет беріліп, күдіктілер көлігін тінтуге рұқсат етілді. Кірпік ілмей киікке қорған болса да, қаскөйлер қапыда қалдыруда. Бұл жолы жүзлен сегіз жүзден аса ботакөз адам қолынан мерт болған. Қызыл кітапқа енген киелі жануарға табиғаттың өзі қорған болуды қалайтындай. Олай дейтінім — киіктер төлдейтін уақытта оны қорек ететін түз тағыларының тістері босап, сілекейлері қайтып, тәбеті болмайды екен. Қасқырлардың жағы қарысып қалады. Ал, қарақұстар жұмыртқа басады. Бұл да ақбөкеннің қасиетті жануар екендігінің тағы бір дәлелі. Қасқырдың жағын қарыстырып, табиғат қорған болған жүйрік жануарға шіміркпестен оқ атып, мүйізін олжа ететіндерден бұл жолы 844 мүйіз тәркіленді.

Ақпан айының басында Жаңаарқа ауданында қызыл кітапқа енген жануарлар мүйізін сату қылмысының жолын кесу және алдын алуға бағытталған жедел алдын алу іс-шарасы қолға алынды. Осы іс-шара барысында полицейлерге мүйіз сатумен айналысып жүрген тұрақты топ туралы ақпар түскен.

— 5 ақпан күні Жаңаарқа кентінде жүргізілген жедел іс-шаралар барысында 29 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлік тоқтатылды. Көлікке жүргізілген тексеріс барысында 844 мүйіз тәркіленіп алынды. Автокөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жүргізушінің екі сыбайласы анықталып ұсталды, — деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Бұл — Қарағанды полицейлері тәркілеген мүйіздердің рекордтық саны. Өткен жылдың сәуір айында олар браконьерлердің тұрақты тобын ұстап, олардан 274 дана ақбөкен мүйізін тәркіледі.

” Сот шешімімен олардың біреуі 4,5 жылға бас бостандығынан, үшеуі 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Ал бұл жолғы аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339–1-бабына сәйкес «Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясына сәйкес мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»