«Жасыл елдің» жаңа маусымы басталды

27 мамыр күні Қарағанды Орталық саябағының жағалауында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XVIII еңбек маусымы басталды. Жобаның барлық жасағы толық іріктеліп, биылғы Қазақстандағы балалар жылы Қарағанды өңіріндегі «Жасыл ел» үшін үлкен өзгерістер әкелуде. Бірінші кезекте көбірек қаржыландыру беріледі. Демек, жобаға қатысушылардың жалақысы да өседі.

«Жасыл ел» еңбек маусымы жаздың алғашқы күні басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл ел» жобасының басты міндеті — жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандырумен және көгалдандырумен айналысатын жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игереді, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

Жобаны жүзеге асыруға биыл жергілікті бюджеттен 289 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда екі есе көп. Бағдарлама бюджетінің айтарлықтай өсуі қатысушылардың жалақы деңгейіне байланысты. «Жасыл ел» шеңберінде еңбекке ақы төлеудің жаңартылған моделі қолданылатын болады. Осыған орай қатысушылардың жалақысы жұмыс істеген сағаттарына байланысты 60-тан 90 мың теңгеге дейінгі мөлшерді құрайды. Тағы бір артықшылығы — барлық қатысушы жасына қарамастан баскиім, футболка, сөмке, рюкзак және спорттық костюмдерден тұратын фирмалық керек- жарақтармен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсаттарға да облыстық бюджеттен 47 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл киім-кешекті жергілікті қарағандылық өндірушілер материалдардың сапасын сақтай отырып дайындады, ал бұрын өңірден тыс жерлерде немесе шетелде дайындалып отырған

Өндіріс конкурсын дәрігерлерге арналған сәнді киімдер мен формаларға мамандандырылған жергілікті AVISHU шағын кәсіпорны жеңіп алды.

— 20-ға жуық адам еңбек ететін біздің өндіріс үшін бұл — жаңа деңгейге шығып, тамаша тәжірибе алудың тамаша мүмкіндігі. Мен үшін бұл тапсырыс қызықты және маңызды, себебі мектеп жасында «Жасыл ел» жасағында жұмыс істегенмін. Ол кезде жалақы әлдеқайда аз болды және арнайы жабдық пен киім болған жоқ, — дейді жас кәсіпкер Виктория Пак. — Ал бүгін біздің команда бүкіл облысты киім үлгісімен қамтамасыз етті. Қазір біз қалалар мен аудандарға жинақтар таратамыз.

Оның айтуынша, жұмысқа бір жарым ай кеткен.

— Біз төрт өлшемді және екі өлшемді костюмдер тіктік. Форманың түрлі нұсқасын салыстырдық. Ол жұмыс киіміне ұқсамаса, ыңғайлылық пен стильді үйлестірсе деп ойладық. Біз жасыл түске баса назар аудардық. Сондықтан бөтелке түсі мен изумрудтың үйлесімін таңдадық. Біз матаны таңдауға көп уақыт пен күш жұмсадық. Соңында екі қабатты премиум трикотажға тоқталдық. Өте жеңіл, сырғып кетпейді. Жастарға киім-кешектері ұнайды деп үміттенеміз, — дейді Виктория Пак

Ал 2022 жылғы еңбек маусымына қатысуға 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, 2 211 адам жұмысқа орналастырылды. Жоба ұйымдастырушылары, яғни Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жасыл ел» қатарына халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерді қабылдауға басымдық берілгенін арнайы атап өтті. Жаңа маусымдағы қатысушылардың шамамен 39 %-ы — мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардан (380 адам), толық емес отбасылардан (261 адам), аз қамтылған отбасылардан (106 адам), «қандастар» санатынан (63 адам) және жетім балалар (52 адам) бар.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов атап өткендей, өтінімдер жыл сайын белсенді түрде беріледі, тілек білдірушілер көп. Атап айтқанда, бұл — мектеп жасындағы балалар. Естеріңізге сала кетейік, жоба 14–25 жас аралығындағы жастарға арналған.

— Көгалдандыру және тазалау бойынша жұмыс орындарын және жалпы жұмыс көлемін қала мен аудан ұйымдарының саябақтар басқармасы анықтайды.

Осы жылы жобаға қатысушылардың бірі — Сәтбаев қаласының № 3 индустриялық колледжінің студенті Данил Жирнов. Жас жігіт «Жасыл ел» жасағын басқарады, жобада алғаш рет жұмыс істемек. Айтуынша, олар да көгалдандыру және туған жерлерін қоқыстан тазарту бойынша жұмыс істейді.

«Жасыл ел» сарбаздарын маусымның басталуымен құттықтап саябаққа Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та келді. Қала әкімі атап өткендей, мұндай жұмыс — жақсы бастама және еңбекқорлық пен жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге себеп. Осындай еңбек отрядтарына кіре отырып жастар өзгелерге үлгі көрсетеді. Ал елге және қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс — өте бағалы сезім.

Жасыл ел» XVIII жазғы еңбек маусымы Қарағанды облысының барлық қаласы мен аудандары өкілдерінің қатысуымен ашылды. Спартакиада, эко-квест және жастардың концерттік бағдарламасынан тұратын арнайы ұйымдастырылған бағдарламаға 150-ден астам «Жасыл ел» жауынгері қатысты.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»