Бір шаңырақ астында: Қарағандылықтар 1 мамыр мерекесін түрлі халықтың ән-биімен атап өтті

Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу Орталық саябақтың жағалауында театрландырылған көрініспен ашылды. Таңертеңгі жаңбыр көңіл- күйдің түсуіне себеп бола алмады. Әртістер сахнаға шыққан сәтте бұлт сейіліп, күн шықты. Көрермендер халық билері мен жайдарлы күн райынан шаттана түсті.

Достықтың үлкен хороводында көпұлтты Сарыарқаның этнос өкілдері қол ұстасып би биледі.

Концерттік бағдарламада кәсіби және әуесқой әртістер өнер көрсетті. Этномәдени бірлестіктердің ұжымдары өз шығармашылығының барлық қырымен таныстырды.

Би марафонына көрермендер де қуана қосылды

Балалар қимылдарды қайталап, шыр көбелек айналды.

Этномәдени бірлестіктердің басшылары жерлестерін Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

— Екі жылдық пандемиядан кейін біз дәстүрлі форматтағы мерекелерге оралдық. Көңілкүй керемет. Қазақстан халқының бірлігі күні — ең жарқын, мейірімді мерекелердің бірі. Біз бір-бірімізді құшақ жая қарсы аламыз, ортақ елімізге тек бейбітшілік, бақыт пен жақсылық тілейміз. Қазақ халқында достық ұғымы ежелден қалыптасқан. Жаңа Қазақстан құра отырып, біз ата-бабаларымыздан қалған өзара түсіністік, келісім, ынтымақтастықты сақтауымыз керек, — дейді Қарағанды облысы кәрістер бірлестігінің төрайымы Лилия Ким.

— Бірінші мамыр балалық шағымыздан бері сүйікті мереке боп келеді. Біз оны әрдайым күтіп, ата-анамызбен бірге шеруге шығатынбыз. Бүгін көптеген отбасының келгенін көріп қуандық. Мұнда қанша бала бар екенін көріп отырмыз, олар ересектермен бірге көңіл көтеріп, қуанып жатыр. Этномәдени орталықтар барлығына бірдей қызықты әрі көңілді болу үшін барын салды, — деп атап өтті «Бірлік» өзбек мәдени орталығының төрағасы Бахтияр Исхаков.

— Ең бастысы — халқымыздың достығы, бейбітшілік пен келісім. Біз бәріміз осы құндылықтарды бағалаймыз. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық және өркендеу тілеймін, — деді тәжік диаспорасы бірлестігінің жетекшісі Шакарбек Норматов.

Бірінші мамыр мерекесін түрлі ұрпақ өкілдері ерекше деп санайды.

— Біз үлкен отбасымызбен осында келдік: үш апалы- сіңлілі, балалар мен немерелер. Осындай мереке үшін рақмет, бәрі жақсы. Тіпті ауа райы тапсырыс бойынша болғандай. Әуелі жаңбыр жаңаруды білдірді, сонан соң күн шуағы барлығын жылытты. Барлық қазақстандыққа денсаулық, бейбітшілік тілейміз , — деп бөлісті зейнеткер Мапура Ниязбекова.

— Біз «Вайнах» шешен- ингуш орталығында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз бірге жұмыс істейміз және мерекелерді атап өтеміз. Бүгін барлық құттықтауға қосыламыз, — дейді бірлестік жетекшісінің қызы Сурияна Жанаева.

Саябақта күні бойы жиналған қауым қалың болды. Кіші сахнаның жанында спорттық жарыстар өтті.

Пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін «Индустриальная Караганда» газетінің жүлдесі үшін дәстүрлі жеңілатлетикалық эстафета қайта басталды. Биыл ол Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жылдығына және ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналды. Эстафета бұл жолы ОңтүстікШығыс көшелерімен өтті. Жарысқа спортшылар мен әуесқойлар жиналып, үш мыңнан астам адам қатысты.

Қарағанды облысының әкімдігі