44 мыңнан астам қазақстандық SKILLS ENBEK платформасында оқыды

2023 жылдың басынан бері 44,4 мың азамат, оның ішінде 11,9 мыңға жуық жұмыссыз SKILLS.ENBEK.KZ онлайн кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада жалпы 239,1 мың қазақстандық тіркелді, оның 47,7 мыңы 2023 жылы тіркелген, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.


Оқудан өткен 11,9 мың жұмыссыз азаматтың 4 мыңы – негізінен Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстары жастары.

Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 209 курс жариялады, оның 158-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ең танымал курстар – «Разведение КРС молочного направления», «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы модулінің мақсаты, міндеті және мазмұны», «Выращивание клубники от А до Я», «Сүтті ірі қара өсіру», «Управление персоналом» және «Кассир».

Платформада ақпараттық технологиялар, экология және еңбекті қорғау, туризм, бизнес, энергетика, маркетинг және менеджмент, білім беру және тәрбие салаларында түрлі кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды дамыту үшін тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші SKILLS.ENBEK.KZ-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.