4 депутат өкілеттік мерзімін тоқтатты

Облыс мәслихатының төрт депутаты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл жайында облыстық мәслихаттың онлайн режимдегі кезектен тыс ХІІІ сессиясында белгілі болды.

Депутаттардың үшеуі «AMANAT» партиясынан болса, біреуі «Қазақстан халық партиясынан». Олар облыстық сайлау комиссиясына өз өкілеттіктерін тоқтату туралы өтініш берген. Комиссия төрағасы Ерқара Аймағамбетов депутаттардың өтініштері негізінде ұсыныс енгізді.

— Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 20-бабының 3-тармағы 8-тармақшасына және 4-тармағына сәйкес жеке өтініштері негізінде облыстық мәслихат депутаттары Аида Ысқақова, Саят Оспанов, Кристина Шафикова және Сергей Кимнің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді, — деді ол.

Облыстық сайлау комиссиясының ұсынысын қараған облыстық мәслихат төрт депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Сәйкесінше төрт бірдей бос орын пайда болды. Заңға сәйкес, саяси партиялар өкілеттігін доғарған депутаттардың орнына өз резервінен кандидатуралар ұсынуға құқылы.

— Кандидатураларды ұсыну рәсімі облыстық сайлау комиссиясымен бірлесіп пысықталуы тиіс. Келісу үшін белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 11-бабының 4-тармағына орай сессия жұмысында үзіліс жарияланады, — деді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Жиын соңында мәслихат хатшысы депутаттарға белсенді жұмысы үшін алғыс айтты.

— Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымының құрамында жұмыс істеген бір жыл ішінде депутаттар сайлаушылардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне белсенді түрде бастамашылық етті. Алдағы уақытта да олардың өңірдің түрлі саладағы әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарын көретін боламыз деп үміттенемін, — деп атап өтті Серік Балғатайұлы.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»