32 педофил бостандыққа шығады

ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі мәліметтері бойынша, жыл соңына дейін Қазақстан түрмелеріндегі 32 педофил бостандыққа шығады.Бұл әрине ата-аналар қауымын алаңдатқан ақпар.Бұл ретте сол жазасын өтеушілермен жұмыс жасайтын психиатр дәрігерлердің де дерегі көңіл қуантпайды.Өйткені колониядан шыққан педофилдардың 84 пайызы сол қылмысын қайталап жасайды екен.Бұдан шығар қорытынды не? Қоғамды бұл қауіптен толық сейілтудің мүмкін еместігі.

Бүгінде елімізде балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасаған 1800 қылмыскер жазасын өтеп жатыр. Ең үрейлісі бұл санның кемімей тұрғаны.Елордадада педофилдардың құрбандарына қолдау көрсетер 111 байланыс орталығы бар.Бұл орталыққа көбіне баласының шағымына қарай растауды қажет еткен, жәбір көрген балғындардың психологиясын оңалтуды көздеген ата-аналар хабарласады.

111 жедел қызметінің үйлестірушісі Гүлсім Жиенованың айтуынша, ересектерден қорлық, зорлық көрген жеткіншектің жан жарасын жазу аса маңызды.
— Бір өкініштісі бізге ата-аналар баласы жат біреудің құрбаны болып қойған соң ғана хабарласатыны.Қысым көрсетілгенін айтады.Полиция шақырғанын, медсараптама жасағанын айтады.Біз сосын жұмыс істейміз.Біздің орталық бірден психологпен жұмыс бастайды.Өйткені мұндай жағдайда санада қалған жан жарасы ауыр болады.Дер шағында бала психологиясын сауықтырып алмаса, іштегі ол ой жарасы өмір бойына жегідей жеумен өтеді.Мұндай жағдайда адам мінезі тым өзгеріп, бұйығы, іштен тынған ,айналаға сенімсіздік сезімі қалыптасуы мүмкін, -дейді.
Бас прокуратураның сайтында 14 жасқа дейінгі балаларға қарсы қылмыс жасаған және жазасын өтеп шыққан педофилдердің фотосуреттері мен мекен-жайлары көрсетілген карта орналастырылған. Қазақстандағы кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылық қылмысы үшін жаза шартты түрде сотталған және мәжбүрлеп емдеуден бастап 20 жылға бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған.
Алайда жұртты алаңдатары жазасын өтеп жатқандар емес, бостандыққа шыққалы отырған педофилдардың бақылауы.Арнайы түзеу мекемелерінің мәліметінше жазасын өтеп шыққан педофилдер мінез-құлқына байланысты тағы 6 айдан 3 жылға дейін учаскелік полиция бақылауында болады екен. Осыдан кейін, заңға сәйкес мәліметтер карточкадан алынады. Дегенмен, ол адамдар толық оңалып кетті деуге болмас. Себебі психиатрлардың айтуы бойынша, педофилия емделмейді, ал рецидивтер 85% жағдайда болады.
Педофилдардың ойлау жүйесін түсіну үшін психологтар бірнеше субъектіге тексеру, зерттеу жүргізген. Онда педофилдардың ми жұмысы тексерілді. Зорлық көрсетуге құмар жандардың басым көпшілігінің миында фронтальды және париетальды аймақтарда органикалық бұзылыстарға ұшырайтыны анықталған. Мидың нақ осы бөлігі жыныстық мотивацияға жауап береді екен. Бір ауыз сөзбен айтқанда мұндай адамдардың санасы дімкәс. Ал кейде тіпті жүктілік кезінде анасында болған ауру есейгенде баланың педофил болуына әкелуі мүмкін дейді дәрігерлер. Бұдан шығар қорытынды не? Баланың саулығы жатырға ұрық түскеннен басталатыны.
Көп жағдайда педофилдар баланың сеніміне кіріп, ойындағы сойқан қылықты жасау үшін сан түрлі құйтұрқы алдау амалын қолдануы мүмкін. Сондықтан ата-ана үшін басты мақсат педофилді анықтау емес, баласына бас-көз болу бірінші кезекте болуы керек.Балаға жүйелі түрде назар аударып, оның бойында әке- шешеге деген, өзіне деген сенім сезімін қалыптастыру керек. Балалар өзіне сенімсіз болғандықтан, бейтаныс адамға «жоқ» деп айта алмай, оның жетегінде кетіп жатады. Кей жағдайларда педофилдер баланы қорқыту арқылы жылдар бойы қорлауы да мүмкін. Сондықтан, баланы тыңдай білу керек, өйткені бала ата-анам жазалайды деген оймен бәрін жасырын ұстауы мүмкін. Балаға түсіндіру керек, егер бейтаныс адам оларды шақырып алып, анасы мен әкесі туралы айтса да онымен сөйлесуге болмайды. Ата-ана баласы үшін бейтаныс адамды жібермейді. Егер ол қол тигізе бастаса, айқайлап, көмекке шақыру керегін түсіндіру керек. Қауіпті жағдайда бала тіпті шамасы жеткенше қарсылық танытып, шамасы келсе алдап кашып кету керек. Осы орайда психологтар айтатын төрт ережені балаға естен шығарма деп айтып отырған жөн:
— Қараңғы түскеннен кейін ешқашан жүрме;
— Көшеде ешқашан бейтаныс адаммен сөйлеспе;
— Үйге барар жолда ешқашан ойнама;
— Ешқашан бейтаныс адамның көлігіне отырма;
Психологтар мемлекеттік мекемелер де, тәрбиешілер де, полиция қызметі де балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендете алмайды деген пікірде. Бала үшін ең тиімді қорғаныс — ата-ананың махаббаты. Баламен тұрақты байланыстың болуы.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»