2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі Цифрлық карта арқылы көрсетіледі


Қазақстанда Цифрлық отбасы картасы енгізіліп жатыр. Ол «электрондық хабарлаушы» ретінде азаматты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың сол немесе басқа түрін алуға құқығының пайда болуы туралы хабардар етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады. Оның айтуынша, енді азаматтарға тиісті органдарға жүгінусіз проактивті форматта қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.
«Азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. 20 мыңнан астам азаматқа СМС арқылы ақпарат жіберілді. 6 мыңға жуық азаматқа проактивті түрде жәрдемақылар тағайындалды. Ал 1 қазаннан бастап тағы 4 жәрдемақы қосылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі осы Цифрлық карта арқылы көрсетілетін болады», — деді министр.