2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен қамтылады

Елімізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.


«Мемлекет басшысы министрліктің алдына балаларды 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндетін қойды. Бүгінгі күні кезекте тұрған балалар санынан есептегенде 2-6 жастағы балаларды қамту 88%-ды, ал балалардың жалпы санынан 58%-ды құрайды. Қалай болса да бұл балаларды сапалы біліммен қамтуымыз керек. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, келесі жылғы бюджетке мемлекеттік тапсырыс беру үшін қосымша қаражат қарастырылып отыр. Биылдың өзінде 300-ден астам жаңа балабақша салынып, 40 мыңға жуық орын ашылады деп күтілуде», — деді оқу-ағарту министрі.