17 мамыр – Байланыс қызметкерлері күні
17 мамыр күні елімізде Байланыс қызметкерлері күні аталып өтті. Бұл күн – байланыс саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Сонымен қатар мереке Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күніне орай ұйымдастырылды. Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағына 1992 жылдан бері мүше болып келеді.
Байланыс саласының мамандары бүгінде елдегі интернет пен телекоммуникация желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Олар халыққа сапалы байланыс қызметін ұсынып, цифрлық жүйенің дамуына үлес қосып отыр. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, сала қызметкерлерінің еңбегі интернеттің қолжетімді болуына және цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер еткен.
Қазір Қазақстанның телекоммуникация саласында шамамен 35 мың адам жұмыс істеп жүр. Соңғы жылдары елде байланыс сапасын жақсарту, интернет желісін кеңейту және ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде мобильді интернет жылдамдығы 94,54 Мбит/с-қа дейін жетті. Ауылдық жерлерде ескі 3G желісі біртіндеп 4G жүйесіне ауыстырылып, 5G технологиясы 20-дан астам қалада іске қосылды.
Цифрландыру жұмыстары Қарағанды облысында да қарқын алды. Өңірде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Ресми мәліметке сәйкес, облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызға дейін төмендеді. 2025 жылы жұмыспен қамту шараларына 23 мыңнан астам жас қатысып, олардың 21 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар «Мансап компасы» атты цифрлық платформа іске қосылып, жастарға сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат ұсынылды.
Облыста «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Жасыл ел» бағдарламалары жүзеге асырылып, жастардың еңбек тәжірибесін жинауына мүмкіндік жасалды. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп отырды. Бұл шаралар жастардың жұмыс табуына және еңбек нарығына бейімделуіне көмектесті.
Мереке қарсаңында Астанада телекоммуникация саласының мамандары арасында дәстүрлі байқау ұйымдастырылды. Оған еліміздегі тоғыз байланыс компаниясының қызметкерлері қатысты. Қатысушылар талшықты-оптикалық байланыс желілерін жалғау бойынша шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынды «Қазақтелеком» компаниясының мамандары иеленді. Екінші орын «Транстелекомға», ал үшінші орын «КаР-Тел» компаниясына бұйырды.
Шара соңында байланыс саласының дамуына үлес қосқан мамандар марапатталды. Үздік қызметкерлерге «Құрмет», «Еңбек ардагері» және «Байланыс саласының үздігі» атақтары берілді. Осылайша, Байланыс қызметкерлері күні сала мамандарының елдің цифрлық дамуына қосқан еңбегін айқындай түсті.
Ералы Ғани
«QH»

