11 жылдық білімге қайта оралу мүмкін бе?

Қазақстанда мектептегі оқу мерзімін 11 жылға қайта қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі ел мектептері үшін бірыңғай 11 жылдық оқыту моделіне көшу мүмкіндігін зерттеуде.

Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мәселе тек оқу жылдарының санын азайтумен шектелмейді. Білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын, сондай-ақ оқушы жүктемесін қазіргі балалардың жас ерекшелігіне, технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының жаңа талаптарына сай қайта қарау көзделіп отыр.

Ведомство жүргізілген талдау нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірлемек. Әзірге 11 жылдық білім беру моделіне көшу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұл ретте ата-аналар, педагогтер мен білім беру саласының сарапшыларының пікірі ескерілмек.

Қазақстан білім беру жүйесінде оқу мерзімі бұған дейін де бірнеше рет өзгерген. Сондықтан бұл жолы ұсынылатын модельдің ұзақ мерзімділігі мен тиімділігіне қатысты қоғам пікірі ерекше маңызды болмақ.