Зират аумағы тазартылды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында қарағандылықтар ДСК қорымы аумағында сенбілік өткізіп, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков мазарының аумағын тазартты. Тазалық акциясы ғалымның туған күні – 20 мамырда ұйымдастырылғанын да атап өткен жөн.

Сенбілікке Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы, Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш және белсенділер мен жастар қатысты. Сауапты шара зиратта жерленген марқұмдардың рухына Құран бағыштап, ел мен жердің амандығына дұға бағыштаудан басталды. Осыдан соң ел ағалары жастарға осы зиратта жерленген тұлғалар және олардың ұлтқа сіңірген еңбегі туралы аз-кем ақпарат ұсынып өтті.

ДСК қорымында ХХ ғасырдағы алмағайып заманда Қазақ елінің шекарасын айқындауға айрықша еңбегі сіңген белгілі ағартушы ғалым, тұңғыш математик Әлімхан Ермеков, сондай-ақ белгілі ғалым Евней Бөкетов сынды ұлттың ұлы тұлғалары жерленген. Сенбілік барысында белсенді топ Қарағанды университетінің алғашқы ректоры атанған Евней Бөкетов рухына да Құран бағыштап, аумағын тазалап, ретке келтіруді ұмытпады.

Айта кету керек, алдағы уақытта ДСК қорымының аумағы қайта қоршалып, абаттандырылады. Ұлы тұлғалар жай тапқан жерге баратын жолдар дұрысталып, іздеген жан оңай тауып алатындай жағдай жасалмақ.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»