Әзіл-шыны аралас

 

Қарағанды қаласында «Менің сүйікті қалам» атты республикалық «Жайдарман» фестивалі өтті. Жарыста қала әкімінің кубогы сарапқа салынды. Орталық саябақта өткен әзілкештер сайысында 14 команда додаға түсті. Фестиваль қаламызда осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

– Бүгінгі сайысқа тек қана облысымыздың, қаланың деңгейінде емес, республиканың әр түкпірінен командалар келіп жатыр, – дейді Қарағанды облысы «Жайдарман» ойындарының басшысы, ұйымдастырушы Ернат Әбутаев.

Фестивальға Қарағанды, Қарқаралы, Шет ауданы, Теміртау, Астана, Алматы, Көкшетау сынды қалалардан қатысушылар жиналған.

– «Жайдарман» ойындарына қатысып жүргеніме биыл 5 жыл. Біз Еуразия ұлттық университетін алдыңғы жылы бітіріп, қазір бүкіл Астана қаласының намысын қорғап жүрміз. Жоғары лиганың биылғы іріктеуінде ойнадық. Қостанай әкімінің кубогын, Арқалық әкімінің кубогын және осы лигамызда түрлі жүлде алдық. Мақсатымыз – жоғары лига чемпионы атанып өзімізге жол ашу, халықтың көңілінен шығу, – дейді астаналық команда капитаны Саят Ерікбай.

Үш сағатқа созылған әзілкештер додасына 8-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Олар қоғамдағы өзекті де өткір мәселелер мен саяси тақырыптарды әзіл арқылы жеткізді. Жарыстың жүлде қоры 1 миллион тг. Бас жүлдені 400 мың теңгемен «Кардеш» құрамасы қанжығасына байлады. Ал бірінші орынды 250 мың сыйақымен «Элита» командасы иеленді. Екінші орын 150 мың теңгелік сертификатпен «Болашақ ВИП» командасына бұйырды. Үшінші орынды «Тұран Астана» командасы қанағат тұтты.

Фестиваль Қарағанды қаласы әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар келесі «Жайдарман» фестивалін келер жылдың қазан айында өткізуді жоспарлап отыр.