ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кезекті жиналыста аймақтың 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын сала мамандарымен талқылады.

— Өткен маусымда қатты аяздың салдарынан болған түрлі шағымдар мен мәселелер жылыту маусымына сапалы дайындалмағанымызды көрсетті. Сондықтан, осындай жағдайларды қайталамау мақсатында ертерек қамданғанымыз жөн,- деді қала басшысы.

Жиында Тұрғын-үй инспекцисы бөлімі мен қала әкімдігінің өкілдері және коммуналдық қызмет басшылары есеп берді.

— Қазыбек би ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға жылыту маусымына дайындық қарқынды жүруде. Осыған дейін мамандармен ұйымдастырылған 3 жиналыс өтті. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің тұрғындарына да жылыту маусымына дайындық туралы кешенді ақпарат берілді. Алдағы уақытта көпқабатты үйлердің 119-да жылыту жүйесін, 78-де жылу тораптарын, 46-да сумен жабдықтау жүйесін, 23-де жылу жүйесін капиталды түрде жөндеу жоспарланып отыр,- деді аудан әкімі.

— 5 мамыр — 22 қыркүйек аралығындағы жылыту маусымына дайындық Октябрь ауданында өз уақытымен жүріп жатыр. Алдымен тұрғын үйлерді аралап, жөндеу жұмыстары қажет жүйелерді анықтадық. Аудан бойынша олардың жалпы саны – 19. Ал 45 көпқабатты үй толығымен жылыту маусымына дайын. Бұл мәселе біздің жіті қадағалауымызда. Сонымен қатар, әлеуметтік және мәдени 71 нысанда тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек,- деді өз баяндамасында Октябрь ауданының өкілдері.

Бұдан бөлек, қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймаққа қарасты аудан мен өңірлердің басшыларынан есеп алып, жылыту маусымына дайындықтарымен танысты. Аймақ басшыларына жұмысты барынша жауапкершілікпен істеп, белгіленген уақыттан кешікпеу тапсырылды.

Қарағанды қаласы білім бөлімінің қарамағында 128 жылытатын ғимарат орналасқан. 133 білім беру нысаны бар. 128 ғимараттың 117-сі жылу электр орталығынан, қалған 11-і жеке жылытылады. Оның 9-ы қатты отында, 2-еуі сұйық отында. Бүгінгі күнге дейін 91 білім беру нысанында тексеру жұмыстары жүргізілді. Жылу жүйесінің сырылдау мен гидравикалық жұмыстарын жүргізу барысында тиісті ұйғарымдар мен шешімдерді қабылдадық.

Олардың қатарында шатырдағы жылу жүйесін жөндеу, қазандықты жөндеу, жертөледегі құбырларды ауыстыру, жылыту тректерін алмастыру, жылу жүйесін жөндеу сияқты жұмыстар бар. Осы үшін білім басқармасынан қаражат сұралды. Жаз айларында жөндеу жұмыстарын жасап, аяқтау жоспарда бар. 72 білім нысанынан жылыту маусымына жүз пайыздық дайын актісі алынды,- деді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Мұқатаевич.

— Келе жатқан жылыту маусымына дайындық туралы есептерді толық тыңдадық. Айтылған ескертулер мен тұрғындардың шағымдарын қанағаттандыру үшін белгіленген жұмыстарды орындауларыңыз тапсырылады,- деп жиынды қорытындылады қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»