Жылыту маусымына дайындық қалай?

Жайдары жаз маусымының аяқталуына да аз қалды. Алда күздің қара суығы келе жатыр. Оның артынан қылышын сүйреп келетін қыстың қаһарына да көп қалған жоқ. Ақ бораны апталап соғып, сары аязы бет қаратпайтын Арқа жұрты жылыту маусымына дайын ба?

— Жыл бойғы кестеге сәйкес энергия көздеріндегі негізгі жабдықтарды жөндеу жалғасуда. Есепті күнге дейін 44 қазандық пен 26 турбинаның жылдық жоспары кезінде 18 қазандық пен 10 турбинада жөндеу аяқталды, — деп хабарлады энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Нақыпбеков

Оның айтуынша, алдағы қысқа 426 қазандық, 2 114,2 км инженерлік желілер, 1 126 әлеуметтік сала нысандары және 5 598 тұрғын үй дайындалады. Бүгінгі күні қазандық пен инженерлік желілердің дайындығы 70,7 %-ды, тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала объектілерінің дайындығы 74,8%-ды құрайды.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, ведомство мекемелерінің 84%-ының дайындық актілері бар, қалғандарын тамыз айының ортасына дейін алу керек.

Көмір сатып алу жалғасуда. Өңірде барлық жылыту маусымына станцияларға, қазандықтарға және халықтың тұтынуына керек қажеттіліктер шамамен 7,5 млн. тоннаны құрайды.

Айта кету керек, аймақ басшысы барлық әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, аймақтағы ахуалды Энергия қадағалау департаменті бақылауда ұстауы тиіс.

Өз тілшімізден