Жылдамдық мәдениеті: заң аясындағы адреналин
Қарағандыда авто-мото шоу өтіп, көлік мәдениеті, спорттық шеберлік және салауатты өмір салтын насихаттау бағыттары тоғысты. «Заң мен тәртіп» республикалық қағидаты аясында ұйымдастырылған шарада еліміздің әр өңірінен келген пилоттар өз өнерін көрсетіп, жастарды есірткіден аулақ болуға, белсенді өмір салтын таңдауға шақырды.
Моторлардың гүрілі, көрерменнің қошеметі және жүргізушілердің жоғары шеберлігі – өткен сенбіде Қарағандыдағы авто-мото шоуға ерекше атмосфера сыйлады. Алайда бұл тек жылдамдық пен әсерлі трюктер жарысы ғана емес, қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтай отырып, автоспорт мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды шара болды.
Шара барысында қатысушылар дрифт, джимхана және автокөлікті басқару шеберлігі бойынша бақ сынады. Арнайы дайындалған алаңда өткен жарыс жүргізушілердің кәсіби дайындығын, техниканы меңгеру қабілетін және қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін көрсетті.
Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов шараның негізгі мақсатына тоқталды.
– Бірінші кезең – дрифт-шоу джимханасы. Бұл – дрифт пен автокөлік шеберлігі бойынша жарыс. Бүгін көрерменнің көп жиналғанынан-ақ шараның қызығушылық тудырғанын байқауға болады. Бағдарламада спорттық сайыстармен қатар концерттік нөмірлер де қарастырылды. Бұл шара «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Салауатты өмір салтын таңда» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Негізгі міндет – есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасында дұрыс бағыт қалыптастыру және белсенді өмір салтын насихаттау, – деді Якуб Джамалов.
Автошоуға Қазақстанның түрлі қаласынан тәжірибелі пилоттар қатысты. Солардың бірі – Астана қаласынан келген Руслан Смағұлов. Күнделікті өмірде ол адамдардың денсаулығына жауап беретін стоматолог болса, бос уақытында автоспортпен айналысады.
Айтуынша, көлікке деген қызығушылығы бірнеше жыл бұрын басталған.
– Автоспортпен 2014 жылдан бастап айналысып келемін. Алғашында ралли бағытын таңдадым, кейін джимхана, түрлі жарысқа қатыса бастадым. Бұл көлік арнайы дайындалған. Жеңілдетіліп, қуатты қозғалтқыш орнатылған. Қауіпсіздік талаптары толық сақталған, – деді жарысқа қатысушы Руслан Смағұлов.
Шараға Шахтинск қаласынан келген Александр Попов та қатысты. Ол бірнеше жылдан бері қысқы дрифт бағытында тәжірибе жинап жүргенін айтып, мұндай жарыстардың жаңа бастаған спортшылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
– Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Қарағандыда осындай шаралардың өтуі пилоттар үшін, әсіресе жаңадан бастаған жүргізушілер үшін өте маңызды. Мұндай жарыстар өз мүмкіндігіңді көрсетуге, тәжірибе жинауға және автоспортты дамытуға жол ашады, – деді Александр Попов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, авто-мото шоуға қатысушылар тек жарыс үшін емес, ортақ идея – есірткіге қарсы күрес пен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жиналды.
Шараны Қарағанды қаласының әкімдігі, Жастар ресурстық орталығы, Motorsport Karaganda және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Motorsport Karaganda өкілі Хуршед Исломов жарысқа қатысушылардың деңгейі жоғары болғанын атап өтті.
– Бүгінгі жарысқа Павлодар, Астана, Қарағанды және басқа да қалалардан келген қатысушылар бар. Олардың барлығы – тәжірибелі пилоттар, спорттық куәліктері бар жүргізушілер. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, жүлде қоры және бағалы сыйлықтар табысталды. Мұндай шаралар автоспортты дамытуға және жүргізушілердің шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Хуршед Исломов.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздарға жүлделер табысталды. Бірінші орын иегеріне 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Авто-мото шоу көлік әуесқойлары үшін қызықты жарыс алаңына ғана емес, жастарға маңызды әлеуметтік үндеу жеткізген қоғамдық шараға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жылдамдықты заңсыз көшелерде емес, қауіпсіз әрі арнайы дайындалған алаңдарда көрсету мәдениетін қалыптастыру.
«Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мәні де осында – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жауапкершілікті арттыру және жастарға дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беру. Автоспорттағы шеберлік пен адреналин тәртіп пен қауіпсіздік талаптарымен қатар жүргенде ғана қоғамға пайдалы құндылыққа айналады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

