Жолды күтіп ұстамағандар жауапқа тартылады
Жол – қозғалыстың күретамыры. Сондықтан да жол жағдайы үнемі қадағалауды, күтімді қажет етеді. Қозғалысты құрсаулар қыс жақындаған сайын жолға жауаптылардың жұмысы ауырлады. Өзіне тиесілі жол бөлігін күтіп ұстамай, ереже бұзғаны үшін 260 уәкілетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаментінің Әкімшілік полиция қызметкерлері жолға жауаптылармен бірге шығып, Қарағанды облысындағы жауапты ұйымдардың қысқы кезеңге дайындығын тексерді.
Жол мұраты жету болғанда, сол жолды қамсыз ету де жауапкершілік. Қысқы кезеңге дайындықты тексеру кезінде арнайы техниканың болуы, жарамдылығы, көктайғаққа қарсы қолданылар заттардың жеткіліктілігі, жанар-жағармай материалдарының қорына ерекше назар аударылады. Қарағанды облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «ҚазақАвтожол» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, жол және коммуналдық ұйымдардың жолдарды қысқа күтіп ұстау дайындығын тексерді. Қазіргі уақытта біздің облыста республикалық маңызы бар жолдар желісі 2300 шақырымды құрайды. Оларды күтіп ұстау үшін 100 бірлік жеке техника және 40 бірлік жалға алынған техника бар.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Төлеутай Қазияновтың айтуынша, біздің аймаққа қарасты респбликалық жолдарды қыста қажетінше қамту үшін 6800 куб құм, 355 тонна тұз, химреагент базада тұр. Мұның бәрі көктайғақта көліктер қозғалысына қолайлы жағдай туындату үшін қолданылады. Одан бөлек 30 тонна дизельдік отын, 8 тонна бензин, қар тежейтін арнайы қалқандармен қамданған.
Қысқы кезеңдегі жолдағы қауіпсіздік жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында барлығы 300 жұмысшы жұмылдырылады. Қазіргі уақытта жолға жауапты мекеме тарапынан жауын-шашын мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр.
ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Досмырзаев мұндай тексеріс шараларының аса маңызды екеніне тоқталды. Қадағалау болған жерде жауапкершілік күшейеді. Бұл өз кезегінде жолдағы бақытсыздықтарды болдырмаудың басты қағидаларының бірі. Сондықтан да ауа-райының күрт бұзылуына байланысты техникаларды тексеру жұмыстары өткізілді. Қазір ең бастысы, ауа райы нашарлаған кезде жолға уақытылы, сақадай сай шығу және жолды құрсаулаған қардан уақтылы тазарту. Бірінші кезекте облыстан басқа тыс жерлерге шығатын жүргізушілер боранда қалмау үшін ауа райы болжамдарын қадағалап отырса дейді.
Әрине, көлік құралының техникалық жағдайын тексеріп, жолға толық қамданып шығу қажет.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері автомобиль жолдарына, қалалар мен аудан орталықтарының көше-жол желісіне 1917 тексеру жүргізді. Олар жолкоммуналдық органдардың басшыларына кемшіліктерді жою үшін 1807 нұсқама берді. Жолдарды күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін 260 уәкілетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны ұйымдастыруды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға 567 ұсыныс жіберілген.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
QH.