ЖОЛДА ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН БАЛАЛАР
Не бары 2 күнде 16 000 кәмілетке толмаған баланың қатысуымен жолда жүру ережесі бұзылған.
Мұндай жантүршігерлік ақпаратты ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлім етті. Ол мұндай оқиғаларға себеп болатын ереже бұзу әрекеттерін барынша азайтуға бағытталған жұмыстармен де таныстырды. Оның сөзінше балалардың жол-көлік жарақаты мәселесіне жұртшылық назарын аудару үшін «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Назар аударыңыз, балалар!», «Назар аударыңызжаяу жүргінші!» деген сияқты түрлі профилактикалық ісшаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады екен.
Мәселен, 12-14 мамыр аралығында республика көлемінде «Назар аударыңыз, балалар!» атты ауқымды жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен жол-көлік оқиғасына себеп болатын 16000- нан аса ереже бұзу әрекетінің жолы кесілді», — дейді комитет өкілі.
ІІМ-нің ресми дерегіне сүйенсек, тіркелген 16 000 ереже бұзу фактісінің құрылымы мынадай:
— қиылыстардан өту ережесін бұзудың 1223 фактісі;
— жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзудың 1415 фактісі;
— балаларды тасымалдау ережесін бұзудың 1348 фактісі, оның ішінде балаға арналған креслоларды пайдаланбаудың 485 оқиғасы;
— маршруттық көліктің тоқтау ережесін бұзған 507 фактісі тіркелген.
Маманның пікірінше балалардың тек жолаушы есебінде емес, жаяу жүргінші ретінде де жүретінін есте сақтаған абзал. Соңғы жеті айда балалардың қатысуымен 60 ЖКО тіркелген. Онда 5 бала көз жұмса, 70 кәмілетке толмаған бала түрлі деңгейде жарақат алған. Жалпы, есепті кезеңде Республика жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1 621 ЖКО тіркелген, онда 90 бала қаза тапса тағы 1860 адам жарақат алған.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.