Жолдағы жедел көмек

Астана маңындағы екі негізгі автожолда жүргізушілерге жол үстінде көмек көрсететін техникалық қызмет көліктері жұмысын бастады.

Астана — Аршалы және Астана — Теміртау автожолдарының қарбалас учаскелеріне «ҚазАвтоЖол» техникалық қызметінің қызғылт сары түсті пикаптары шығарылды. Ашық түсті көліктердің басты артықшылығы – олардың тасжолда алыстан анық көрінуі.

Арнайы көліктер қажетті құрал-сайман мен жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандар жолда күтпеген жағдайға тап болған жүргізушілерге жедел жетіп, ұсақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге, дөңгелек ауыстыруға және кейінге қалдыруға болмайтын басқа да мәселелерді шешуге көмектеседі.

Бұл қызмет «ҚазАвтоЖолдың» тасжолдардағы қауіпсіздік пен жүргізушілерге қолайлы жағдайды арттыруға бағытталған пилоттық жобасы ретінде іске қосылды. Көмек қажет болған жағдайда жүргізушілер 1403 нөміріне хабарласа алады. Қызмет тегін көрсетіледі.