Жолдағы қауіп
Жылдамдық – жолдағы басты қауіп. Полиция департаментінің мәліметінше, өңірімізде 203 жол-көлік оғиғасы тіркелген. Жол апатынан 257 адам жарақат алып, 68 адам қаза тапты. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін патрульдік көліктерге «Оракул» деп аталатын аппараттық кешен орнатылды. Ол қалай жұмыс жасайды және жол-көлік оқиғасын азайтады ма?
Жергілікті билік пен Қарағанды облысының полиция департаменті патрульдік көліктерге «Оракул» деп аталатын 2 аппараттық кешен енгізуде. Жылдамдықты анықтаудың жаңа мобильді автоматты жүйесі Қарағанды қаласының жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтап, тіркейтін болады. Бұл кешенді еңгізудің басты мақсаты – жол қауіпсіздігін арттырып, жаяу жүргіншілердің дансаулығы мен өмірін сақтау.
– Қарағанды облысы полиция департаменті облыстық әкімшілікпен бірлесіп, екі «Оракул» деген жаңа аппараттық кешен енгізді. Бұл кешен арнайы патрульдік кешенге орнатылады. Оның ешқандайда белгісі жоқ. Жолда жылдамдық асырғандарды бірден анықтайтын болады, – деп түсіндірді ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев.
Сондай-ақ, биылғы жылдың 1-ші шілдесінен бастап полиция департаменті Қарағанды облысы әкімдігімен бірлесе Қарағанды және Теміртау қалаларында «жаяу жүргіншілер өткелі» деп аталатын 22 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуда. Оның 12-і Қарағандыда және 10-ы Теміртауда енгізілетін болады. Бұл смарт жүйе жаяу жүргіншілерге жол бермейтін жүргізушілерді автоматты түрде тіркейді. Полиция департаменті мамандары бұл кешен жолдағы қауіптің азаюын қамтамасыз етеді дейді. Себебі, жыл басынан бері Қарағанды облысында жаяу жүргіншілерді қағып кеткен 40 оқиға тіркелген, салдарынан 8 адам қаза тапты.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»