Жолдағы қауіп
Космонавтов көшесіндегі қиындықтар. ХМК және Нефтебаза ауданының тұрғындары жауапты мекемелерге шағым жазып, өздерінің және балаларының қауіпсіздігін қамтуды талап етуде. Себебі, сол маңда екінші жыл жалғасып жатқан жөндеу жұмыстары адамдардың жеке бас қауіпсіздігін ескере бермейді. Оқу жылы басталған санаулы күннің өзінде бұл жолдардағы қауіп тіпті арта түскен.
Әлеуметтік желіге тұрғындар жариялаған бейнежазбада көрсетілгендей жаяу жүргіншілер өткеліндегі балалар мектептен қайтарда жолды кесіп өтпек болған. Ал 20 тонналық жүк көлігі балаларды өткізу үшін жылдамдығын бәсеңдетуге де тырыспай, бір баланы қағып кеткен, дейді тұрғындар.
– 29 мамыр күні, Космонавтов көшесін жол жөндеу жұмыстарына байланысты жапты. Менің қызым мектептен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолында оны 20 тонналық камаз, жол ережесін сақтамай қағып кетті. Жүргізушіге бар болғаны 103 мың теңге айыппұл салдырып, жібере салды, – дейді Мельничная көшесінің тұрғыны Валерий Рудой.
Тіпті халықтың көп жиналуы мен бейнекамераның көптігі де арнайы техника жүргізушілеріне тоқтам болар емес. Олар жолды еркін иеленіп, жаяу жүргіншілерді елемейді де. Мамыр айында техника Космонавтов көшесін жауып, жол жүрісін Резник көшесіне ауыстырған. Сол кезде зардап шеккен 12 жастағы қыздың әкесі Валерий Рудой бұл жауапсыздыққа ашынады. Абырой болғанда, оның баласы аман қалды және емделіп шыққан, дегенмен ешбір ата-ана мұндай жағдайдың қайталануын қаламайды. Балалар көліктермен бірге жол бойымен жүреді, себебі, жаяу жүргіншілерге басқа жол қарастырылмаған, оған ашық құдықтарды қосайық. Ерте қараңғылық түседі және мұнда жарық жоқ, мұның бәрі қатерді еселейді. Тұрғындар мердігерлердің келтірген жауапсыздығына ашуланып, бірқатар органға хат жолдауда.
– Мен өзім мамыр айынан бастап, әкімшілікке, ІІД, прокуратураға бардым. Нақты шешім қабылданбады. Бір күнде үш рет тәртіп сақшыларын шақырдым. Құдықтар ашық қалпында жатты. Қараңғылық ерте түседі, жарық жоқ, – дейді Валерий Рудой.
Сонымен қатар, тұрғындар мектеп басшылығын да мазалауға мәжбүр. Олар оқу жылына дайындық кезінде жаз бойы бес рет шағым түсірген.
– Жол жиектерін жөндеу неге созылып кетті? Бізден кейін газ тартылды. Сол себепті жұмыстар созылып кетті. Бүгін үш бригада жұмыстарын атқарып жатыр. Жолдарды жауып жұмыстарын бастады. Бірден жауып тастауға тағы болмайды, – деді жоба жетекшісі Геворг Согоян.
Коммуналдық шаруашылық бөлімі мән-жайды түсіндіруді жоба жетекшісіне сеніп тапсырды. Содан кейін Гоголь көшесінен Штурманская көшесіне дейін газ тартылғандықтан, жаяу жүргіншілер жолындағы жұмыстар кешіктірілді. Ал, тұрғындардың айтуынша, қазір бірнеше бригада жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды реттей бастаған.
– Кез келген жол қиылысында біз жол жабық деген блок пен белгі қойдық. Жүргізушілер оларды алып тастап, кіріп кетеді, жүре береді. Мен кез-келген бұрылысқа адам қойып, күзетіп отыра алмаймын. Олар біздің де жұмысымызға кедергі келтіреді. Тұрғындар үйлеріне кіру үшін де жабық жолмен жүреді, – дейді Геворг Согоян.
Жұмыс жыл соңына дейін жалғасады, сонда ғана қауіпсіздік туралы сөз қозғауға болады, бірақ бұл арада тұрғындар биліктің араласуын талап етуде.
– Таңертең жол сақшылары осы жерде тұруы керек. Жұрт жұмысқа барады, сабаққа барады. Бүкіл жол жабық. Неге жаяу жүргіншілерді адам құрлы көрмейді. Үлкен қала, белгі де жоқ. Балаларымыз үшін алаңдап жүреміз, – дейді Космонавтов көшесінің тұрғыны Лидия Кашура.
ҚАНАҒАТ ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»