Жолаушылар үшін ақпараттық тақтайша пайда болды

Қарағанды қаласындағы «Техникалық университет» аялдамасында қоғамдық көлік қозғалысы сызбасын көрсететін ақпараттық тақтайша орналастырылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары осы аялдама павильонынан автобус бағыттарын жақсы бағдарлай алады. Жобаны Қарағанды урбанистика орталығы қалалық әкімдіктің қолдауымен әзірледі, ал идеяны жүзеге асыруға демеушілер көмектесті.

Урбанистика орталығының менеджері Азиза Таласпаева ақпараттық тақтайшаны әзірлеу кезінде Қазақстанның Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты қалаларының тәжірибелері қолданылғанын хабарлады.

– Мұндай белгі «Техникалық университет» аялдамасынан қоғамдық көліктің көмегімен В нүктесіне қалай жетуге болатындығын түсіну үшін қажет. Қалалық инфрақұрылымның функционалды элементі – аялдамалар адамға дұрыс жол көрсетуге, жүретін бағыттар бойынша қажетті ақпаратты беруге көмектесуі керек. Осыған ұқсас анықтама-схемалар Нұр-Сұлтан, Алматы және Қазақстан мен әлемнің басқа да қалаларында бар. Біз олардың тәжірибесін ескердік және материалдың оқылуына баса назар аудардық, – дейді Азиза Таласпаева.

Жобаның сәулетшісі Анна Касян әзірлеу кезінде барлық пайдаланушылар үшін схеманы оқу ыңғайлы, сондай-ақ қолданылатын материалдардың сапалы болуын басты назарға алатынын айтты.

– Қоғамдық көлік қозғалысы схемасын әзірлеуге көп уақыт кетті, себебі қай автобустың қайда бара жатқанын көрнекі және қолжетімді етіп көрсету керек болды. Біз ауа райы жағдайы сияқты маңызды факторды да қамтамасыз етуге тырыстық. Сондықтан тақтайша күн сәулесінде күйіп кетпеуі үшін оны ультракүлгін фильтрмен  жауып, бекіту элементтері уақыт өте келе тот баспауы үшін арнайы қондырғы қолданылды. Сондай-ақ біз үшін тақтайшаны аялдама павильонының құрылымына біріктіру маңызды болды, сол себепті оны сыртынан іліп қою туралы шешім қабылданды. Біз материалдың оқылуын барынша сақтау үшін қазақ және орыс тілдерінде 2 толық өлшемді тақтайша жасадық, – деді Анна.

Урбанистика орталығы қызметкерлері болашақта мұндай ақпараттық тақталарды бүкіл қала бойынша енгізуге болады деп үміттенеді, бірақ әзірге бұл аялдама – жалғыз орын. Сондай-ақ қалалық бағыттар бойынша ақпаратты «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-ға ұсынғаны атап өтілді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»