Жолақыны тегін ету тетігі

18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүрудің аралық нәтижелері талқыланған брифинг өтті. Жиынға Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры және «ONAY» орталығының бақылаушысы қатысты. Отырыс барысында анықталғандай, тегіннің де тиімділігін ұғуға асықпайтындар бар.

Биылғы жылдың 1 мамырынан бастап облыс әкімінің тапсырмасына орай Қарағанды қаласында 7-18 жас аралығындағы балалар үшін қоғамдық көлікте жүру тегін етілген. Бұл жеңілдіктің басты шарты – көлік картасын ресімдеу, автобустарда сапарларды тіркеу. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласы бойынша 54 000 балаға көлік карталары ресімделді. Бірақ «бұл толық емес» деген Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев мәселеге егжей-тегжей тоқталды. «Арнайы жүргізілген есеп бойынша, Қарағанды қаласында осы санаттағы жас деңгейінде жүз мыңға жуық бала бар. Бұл жеңілдікті енгізгелі бір айға жуық уақыт өтті. Яғни қолға алынған істі бір саралап аларлықтай уақыт болды. Электронды жүйемен жеңілдетілген жұмыс барысы қарқынды түрде қолға алынса да, шешілмеген бірқатар мәселе бар. Мысалы, осы жас санатындағы балалар картасыз жүреді, қоғамдық көлікте карта баспай, салдарынан жол сапары тіркелмейді. Билік арнайы жеңілдік жасап отырғандықтан, жол картасын міндетті түрде ресімдеу қажет. Өйткені бұл сапарлар ақысы тасымалдаушыға кейін өтелетін болады».

Қарағанды қаласында «ONAY» орталығы ашылғалы, әр ай сайын балалар картасымен жол жүру пайызын есептеп отырады. Ай өткен сайын тегін жол жүру картасымен қатынау қарқынды түрде артып келеді. Алғашқы айларда 150 мың карталық қозғалыс тіркелсе, соңғы айлық көрсеткіш бойынша, бір айда мұндай балалар 650 мың рет карта тұтынған. Жекелей маршруттарға тоқталар болсақ, №1, №5, №43, №53, №40, №56 автобустарда карта тұтыну көп тіркеледі. Қайсыбір ата-аналарда «Оңай картасын ресімдеу мерзімі 1 мамырда өтіп кетті» деген жансақ пікір қалыптасқан. Ал, шындығында, бұл жол жүру картасын алу тұрақты түрде жалғаса береді. Бар болғаны екі-ақ құжат (туу туралы куәлік пен фотосурет) қажет. Көптеген адам «жол жүру ақыры тегін, ендеше неменеге құжат жасап, карта алып бас ауыртамыз?» деген қате ұстанымда. Алайда мұнысы ереже бұзу болып саналады. Бұл турасында аз айтылған жоқ. Бұл – әрине, қызмет ұсынушы тараптың базынасы. Соған қарсы жолаушылардың да айтар шағымы жетерлік. Қоғамдық көліктерде жолаушыға еш жағдай жасалмағаны жиі айтылады. Мысалы, иін тіресе лық толы жүретін жолаушының көптігін көре тұра, автобустарда желдеткіш жұмыс жасамайды. Тіпті қарапайым перде де жоқ екені айтылды. Ал Темірлан Талдыбаевтың айтуынша, Қарағанды қаласында 2021-2023 жылғы 56 автобус түрлі маршрутта жүр. Бұл автобустарда кондиционер орнатылған, соған сай жұмыс істеуде екенін айтып сендірді. Алайда автобустарда желдеткіш рақатын көрдік деген ешкім жоқ. Бұл 56 автобус қаладағы барлық автобус үлесінің тек 15 пайызын ғана құрайды. Сондықтан алдағы уақытта №5 автобус паркі тағы 50 автобус сатып алмақ.

Тағы бір мәселе «балалардың тегін жүруі автобус парктері үшін шығын емес пе?» деген сауалға саяды. Өздеріңіз білетіндей, «Автомобильдік транспорт туралы» Заңға 1 наурыздан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, барлық бала 50 пайыз төлеммен жүреді. Бұл дегеніңіз 40 теңге, сол 40 теңгелік ақыны жергілікті билік автопарктерге өтем ретінде өздері төлейтін болады. Тағы бір жағдайда ата-аналар «неліктен тегін жол жүру серіктес қалаларды қамтымады?» деген сауал туындатты. Жұмыс кезеңдеп жүзеге асып жатқандықтан, әзірге тек Қарағанды ғана қамтылып отыр. Себебі қазіргі өтемдік қаржыны құятын – Қарағанды бюджеті. Ал өзге қалаларда заң белгілеген нормалық талаптарға сай Оңай картасымен 18 жасқа дейінгі кез келген бала 40 теңге жолақы төлейді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»