Жолақы құны көтеріле ме?

Келесі айдан бастап қарағандылықтар автобуспен жүру ақысы бұрынғыдай болмайтынына дайындалуы керек. 10 жыл бойы жол жүру ақысы өзгеріссіз келді, енді оны көтеруді көздеп отыр. Бағаның қалай көтерілетіні және жеңілдігі барлардың жолақысы қалай болатыны жайлы «Qaragandy habary» газетінің тілшілері сұрап білген болатын.

Жолақыны көтеру туралы қауесет жыл басында тарай бастады, содан кейін автопарк басшыларының бірі барлық қалалық тасымалдаушылар мен шенеуніктердің арасында шынымен де келіссөз жүріп жатқанын растады. 2023 жылға арналған сметалық тариф бойынша шығындарды есепке ала отырып, тарифтің 320 теңге болуы тиіс екені айтылды. Тарифті көтеру арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайту керек, себебі белгіленген тариф пен есептелгеннің арасындағы айырмашылық бюджет есебінен өтеледі. Еске салайық, 2023 жылы қалалық көлік парктеріне 13 миллиард теңгеге жуық субсидия төленсе, тасымалдаушылардың қажеттілігі 18,5 миллиард теңгені құраған болатын.

– Кез келген аудан өздерінің қажеттіліктеріне орай бағаны өзгертеді. Біз бағаны 150-200 теңгеге дейін көтере аламыз. Қолма-қол төлем тағы көтеріледі. Біздің қаламызда қосу, алуды есептесек, қоғамдық көлік құны бірдей деп айтар едім. Қазіргі 80 теңге 10 жыл бұрын орнатылған баға еді. Содан бері жолаушылар тасымалдаушы парктің шығындары үш жарым есе артты. Жүргізушілердің жалақысы, дизельдік отын, тұтыну материалы, доңғалақтар және тағы басқа да қажетті дүниелер бар, – деп атап өтті «Қарағанды қаласының Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ Жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Бірақ мұндай өсім әлі де болған жоқ, кеше Қарағандыда маусым айынан бастап қала және қала маңындағы маршруттардағы тариф қолма-қол төлем үшін 200 теңгеге дейін көтерілетіні хабарланды. «Оңай» картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау құны 100 теңгені құрайды. Көлік холдингінің филиалы маусым айына арналған жол жүру билеттерін сату уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Бұл ретте барлық жол жүру жеңілдіктері қалады: 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары және жеңілдіктің барлық басқа санаттары тегін сапарды жалғастырады, яғни мұнда ештеңе де өзгермейді. Зейнеткерлер жолақысы да бұрынғы қалпында (50 теңге) болады.

Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі қымбаттау себебін айтты. Соңғы жылдары автопарктер қалалық және қала маңындағы бағыттарға 328 автобус сатып алды. Сол себепті желідегі автобустар саны 300-ден 420-ға дейін көбейген.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»