Жол мәселесі басты назарда

Биыл Қарағанды қаласында 128 шақырымнан астам автожол жөнделеді. Жоспар орындалса, жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 79 пайызға жетеді. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов мәлімдеді.

Биыл Волочаев пен Б.Момышұлы арасындағы орамаралық көшелер, Бөкетов көшесінің автожолы, Мұқановтан Үштөбе автожолына дейінгі учаске, оның ішінде Приканальныйдан Б.Момышұлына дейінгі учаскені салу жоспарланған. Ғарышкерлер көшесінде автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасады.

Кеншілер шаһарында орташа жөндеумен 114 шақырым жол қамтылады. Құрылыс және қайта құру жұмыстары 7 шақырымға жоспарланып отыр. 9 шақырым жол төсемінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Қалада барлығы 127 учаске жөнделеді.

Пичугин көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды, теміржол вокзалынан бастап Терешкова көшесіне дейін 7-магистральға шығатын учаске қамтылады. Четский көшесі де жөнделеді. Орташа жөндеумен Михайловка, Үлкен Михайловка, Кирзавод-3-4, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау және Күнгейдің жеке секторы қамтылады. Сондай-ақ Ермеков, Гоголь, Абай көшелеріндегі және Назарбаев, Бұқар жырау, Сейфуллин, Шахтерлер даңғылдарындағы және 49-маршрут бағытындағы негізгі автожолдар жөнделеді, – дейді Рүстем Қожақапанов.

Пайдаланылатын материалдардың сапасын бақылау Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертханасы тарапынан іске асырылады. Ал Қарағанды жол желісінің жалпы ұзындығы 923 шақырымды құрайды. Оның 667 шақырымына асфальт төселген. Кепілдік қызмет көрсетуде жалпы ауданы 644 мың шаршы метр болатын 74 учаске бар. Нақты айтқанда, ақаулар автожолдардың 20 учаскесінде анықталыпты. Мердігерлердің мұндай олқылықтарды мамыр айының соңына дейін жоюы тиіс екенін айтты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қарағанды облыстық филиалының бөлім басшысы Тұрар Манас.

Атап өтейік, 2024 жылы біздің филиал былтыр жөнделген нысандарда көктемде шұғыл жұмыс жасаған болатын. Ол шұғыл жұмыстардың барысында 2023 жылы жөнделген нысандарда биыл ақаулар анықталып жатыр. Бұл жөнінде тиісті хат-нұсқаулықтар жіберілген болатын. Және қазір сол тарапта жауапты мекемелерді жауапқа тарту шараларын қолданамыз, – дейді Тұрар Манас.

Ал алдағы жылдары қалада маңызды 6 жоба іске асырылады. Бұл – Мұқановтан Майқұдыққа дейінгі, Университет көшесіндегі жолдардың, Мұқановтан Гапеевке дейінгі, Алматы тасжолына шығатын жолдардың құрылысы, Күнгейдегі және Приканальный көшесіндегі жолдардың құрылысы.

Айталық, Үлкен Михайловка станциясындағы теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін салуға және 35-маршруттағы автожолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қалада 6 бағдаршам және 1000 жарық бағаны орнатылады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»