Жол апаттарының басты себептері аталды
Қарағандыда жол-көлік оқиғаларының саны әлі де алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Жыл басынан бері облыс орталығында 134 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 8 адам қаза тауып, 154 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды қалалық полиция басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, жол апаттарының негізгі себептері – белгіленген жылдамдықты асыру, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы және соңғы жылдары көлік санының айтарлықтай артуы. Қаланың жол инфрақұрылымы қазіргі көлік ағынына толық бейімделмегендіктен, бірқатар көшелерде кептелістер жиілеп, апат қаупі жоғары учаскелер қалыптасқан.
– Жүргізілген талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін орындарда кешенді жұмыстар қолға алынуда. Апаттық қауіпті учаскелерде жол белгілері жаңартылып, қосымша бағдаршамдар орнатылуда, жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылып, жол қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер енгізілуде. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, – деді Қарағанды қалалық полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Мәурат Уахитов.
Брифингте жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына да ерекше назар аударылды. Биыл реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстарда адамдарды қағып кетуге байланысты 55 оқиға тіркелген. Полиция қызметкерлері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері 45 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін екі мыңға жуық автокөлік айып тұрағына қойылған. Сонымен қатар 300-ге жуық жүргізуші көлікті мас күйінде немесе жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігін жүргізушілердің қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуінен туындайды. Сондықтан жылдамдық режимін сақтау, жаяу жүргіншілерге жол беру және көлікті мас күйінде басқармау – әрбір жол қозғалысына қатысушының басты міндеті.
Мамандар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, барлық жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

