ЖОҒАЛҒАН БАЛА ТАБЫЛДЫ

Қарағандыда 200-ден астам полиция қызметкері, еріктілер мен Ұлттық ұлан сарбаздары аулада ойнап жүріп жоғалып кеткен сегіз жастағы қызды түні бойы іздеді. Ол 27 мамыр күні түстен кейін аулаға серуендеуге шығып, үйіне оралмаған. Өз беттерімен жүргізген нәтижесіз іздеуден кейін алаңдаған ата-анасы бірден полиция мен еріктілерге жүгінген.

200-ден астам адам саябақ пен алаңдарды, жақын маңдағы аулаларды аралап, барлық подъездер мен шатырларды тексерді. Баланы іздестіру туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі барлық парақшада жарияланған.

– Іздеу сәтті аяқталды. Қыз бала аман-есен табылды. Ол түні бойы құрбысының үйінде болған. Қазір құрбысының ата-анасы жоғалған қыздың ата-анасына немесе полицияға неліктен хабар бермегенін анықтап жатырмыз, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Ол жыл басынан бері Қарағанды ювеналды полициясының қызметкерлері үйден рұқсатсыз шығып кеткен балаларды іздеуге 33 рет шыққанын айтты. Іздеуге инспекторлардан басқа облыстың бүкіл гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылған.

– Біз ата-аналарды балаларына мұқият болуға шақырамыз. Жазғы демалыс басталды, балалар сыртта көбірек уақыт өткізеді. Оларды қадағалау керек. Кішкентай балаларды үйде де, көшеде де қараусыз қалдырмаңыздар, – деп ескертті Әбіл Қалиақпарұлы.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»