Жіті ішек инфекциясының алдын алу
Жіті ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Ол негізінен бактерия, вирус сияқты микроағзалардан туындайды. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.
Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты.
Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Ауру адамда асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен қатар әлсіздік, дене қызуы, іштің бүріп ауруы, жүрек айну, құсу, іш өту клиникалық белгілері болады. Жоғарыда көрсетілген клиникалық белгілер пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу қажет.
Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары, кейбір инфекцияны жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ антисанитариялық жағдайлар, жеке гигиена қағидаларын сақтамау, санитариялық қағидаларды сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін тұтыну да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себептері бола алады. Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде туындауы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе күн суытқанда, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жаз мезгілінде арта түседі. Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді.
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары:
- жеке гигиена қағидаларын сақтаңыз, тамақ ішердің алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуыңыз;
- ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз;
- пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шайыңыз;
- тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдаланыңыз;
- тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтаңыз, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбаңыз;
- шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолданыңыз, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтаңыз;
- үйді, ауланы таза ұстаңыз.
Аурудың алғашқы белгілері болса өзін-өзі емдеуге болмайды. Егер дене қызуының көтерілуі, құсу, іш өту секілді жедел жұқпалы аурудың белгілері пайда болған жағдайда дереу жергілікті медициналық ұйымдардың көмегіне жүгіну қажет.
Б.Е.АБЖАНОВ,
Қарағанды қаласы
Қазыбек би атындағы ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасы басшысының м.а.
Ж.Ж.БЕРКІМБАЕВА,
бөлім басшысы

