Жеті отадан кейінгі өмір

Қарағанды қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері өндірістік жазатайым оқиға салдарынан аса ауыр жарақат алған жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. Сегіз айға созылған күрделі емдеу мен бірнеше хирургиялық отадан кейін науқас қалыпты өмірге қайта оралу мүмкіндігіне ие болды.

Қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында орын алған. Құрылыс алаңында жүрген жасөспірімді тиегіштің шөміші қабырғаға қысып қалған. Ауыр жарақат алған ол шұғыл түрде көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандырғаннан кейін күрделі хирургиялық емдеуді бастады. Тексеру барысында он екі елі ішектің жыртылуы, ұйқыбез басының үзілуі, бауырдың зақымдануы және өміріне тікелей қауіп төндірген басқа да ауыр жарақаттар анықталған.

Алғашқы әрі ең күрделі операцияны Қарағанды облысының штаттан тыс бас балалар хирургі Жанат Елубаев жүргізді. Кейінгі емдеу жұмыстарына хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, онкологтар, оңалту мамандары және орта буын медицина қызметкерлерінен құралған мультидисциплинарлық топ жұмылдырылды.

Емдеу кезеңінде жасөспірім жеті күрделі операциядан өтті. Оның бес айы жансақтау бөлімінде өтті. Мамандардың кәсіби шеберлігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Бейбіт Бердібековтің айтуынша, бұл жағдай өңірдегі балалар хирургиясы тәжірибесіндегі ең күрделі оқиғалардың бірі болған.

– Жасөспірім ауруханаға өте ауыр аралас жарақаттармен жеткізілді. Өмірлік маңызды ағзалардың көптеген зақымдануы анықталды. Мұндай жағдайларда шұғыл хирургиялық көмек пен әртүрлі сала мамандарының бірлескен жұмысы аса маңызды. Пациент жеті операциядан өтті, емдеу сегіз айға созылды. Бүкіл медициналық команданың үйлесімді еңбегінің арқасында оң нәтижеге қол жеткізіп, баланың өмірін сақтап қалдық, – дейді дәрігер.

Жасөспірімнің анасы бұл кезең отбасы үшін ауыр сынақ болғанын айтады.

– Ұлым ауруханаға түскен кезде жағдайы өте ауыр еді. Дәрігерлер бір сәт те үміт үзбей, оның өмірі үшін күндіз-түні күресті. Сегіз ай ішінде жеті операция жасалды, олардың кейбіріне онкологтар да қатысты. Бес ай бойы жансақтау бөлімінде жатты. Баламның өмірін сақтап қалған барлық дәрігерлерге, медбикелерге және аурухана қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Жасөспірімнің өзі де сауығу жолының оңай болмағанын еске алады.

– Өткен жылдың тамыз айында құрылыс алаңында жазатайым оқиғаға тап болдым. Осыдан кейін ұзақ әрі күрделі емдеу кезеңі басталды. Көптеген операциядан өттім, ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жаттым. Дәрігерлер мен медбикелер үнемі жанымнан табылып, қолдау көрсетті. Бүгінде қалыпты өмірге қайта оралуыма көмектескен әрбір маманға ризамын, – дейді ол.

Айта кетейік, емдеудің барлық кезеңдері, хирургиялық операциялар, жансақтау бөліміндегі күтім және кейінгі оңалту шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілген.

Бұл оқиға ауыр жарақат алған балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудегі қазақстандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмысының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»