ЖЕРТӨЛЕДЕГІ ЖАҒЫМСЫЗ ИІС

Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесін кәріз суы басып, тұрғындар жағымсыз иістен құтыла алмай отыр. Осындай шағыммен редакциямызға хабарласқан жұрттың жанайқайын біліп қайтқан едік.

Жергілікті жұрт жертөлені басқан кәріз суынан шыққан сасық иістен әбден мезі болған. Тіпті 7-8 рет арнайы техника шақырып, суды өз күштерімен сорған. Жерді құрғатуға тырысып көрген. Дегенмен кәріз суы қайта толып кете берген соң, құбырлардағы ақауды анықтауға кіріскен.

Баламыз бар, бірінші қабатта тұрамыз. Өте сасып жатады, тыныс алу мүмкін емес. Өте жаман. Үйдің іші ылғал. Бізге өте қиын, – дейді қала тұрғыны Танысу Сламқайырова.

Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғыны Талғат Әуезхан да мұңын шақты. Алайда, сөзіне қарағанда, мәселеге билік өкілдері бейіл танытар емес.

Мына үйдің ертең қабырғасы құлауы мүмкін. Өте қиын. Сасық иіс. Неше жыл болды. Осы мәселені талай рет әкімдікке де айттық. Мәселеміз шешілсе екен, – дейді Талғат мырза.

80 пәтерлі көпқабатты үйдің тұрғындары бұл мәселемен Әлихан Бөкейхан аудандық әкімдігіне де, жауапты мекемеге де сан мәрте хабарласқан. Әйтсе де ешкім жертөледегі судың қайдан келіп жатқанын анықтауға асықпаған. Ал сасық иістің салдарынан тыныс алудан қалған жұрт кәріз суының тоқтаусыз ағып келетін бағытын өздері тауыпты.

12-ықшамаудандағы №42 үй тұрғындары жертөлеге аққан кәріз суы №44 үйден келіп жатыр деген болжам жасауда. Мәселеге араласқан әкімдік, «Қарағанды Су» ЖШС және «Теплотранзит Қарағанды» мекемесімен бірге тексеріс жұмыстарын жүргізгенін айтады сумен жабдықтау цехының маманы Александр Востреков.

– Тұрғындар шағымына орай тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде ескі құбыр жүйесін анықтадық. Әзірге №44 үйден ағып жатыр деген тұжырымға тоқтап тұрмыз. Нақты шешімге келетін және бұл олқылықты жедел ретке келтіретін боламыз. Жұмыстар жалғасады.

Жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар мәселесін мамандар жақын арада шешетінін айтып сендіруде. 5 жылдан бері жертөледегі кәріз суынан құтыла алмаған жұрттың ендігі үміті осы айтылған уәдеде болып тұр.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»