Жері тапшы халық уланып жатыр

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты бірнеше ауыл тұрғындары мал жайылымға арналған жер қалмады деп шағымданып отыр. Ауыл азаматтары егінге арналған алқап ауылдың ішіне кіріп тұрғандықтан, оған мал кірсе бірден ірі айыппұл салатындығына наразы. Ал, егін алқаптарын иемденгендер топырақты тыңайту мақсатында құстың қиын таси бастаған. Қолқаны қабатын иіс түгел ауылға тарап, адам тұру мүмкін емес болып кетті дейді тұрғындар.

Осыдан бірер күн бұрын Ростовка ауылының тұрғындары «Киров» атындағы өндірістік ұжымшардың жолын жауып, жүк көліктерінің өтуіне кедергі келтірген. Ауыл халқы бұл шешімге естір құлақ болмаған соң бардық дейді. Себебі Ірі құс фабрикалары бар Құрма, Доскей ауылдарынан тиеліп әкелетін камаз- камаз құстың қиы қазір қолқаны қауіп, бір емес, бірнеше ауылдың тұрғындарын наразы еткен. Ірі көліктер шамадан тыс артып алған қи, жол бойы шашылып, жолды да жүруге жарамсыз еткен. Жалпы құстың қиы қаншалықты жағымсыз екенін жазды күні Құрма ауылының маңынан өтіп, Қарағанды- Алматы бағытындағы күре жолмен жүретіндер жақсы біледі. Ал, мұндағы иіс одан екі есе улы. Себебі қиды қазып әкеліп, қайтадан қопсытады екен

— Біз нақты білмейміз ғой, тауық па, шошқаның қиы ма, әйтеуір өте қатты сасып жатыр. Кісілер айтады ана жерде тезекті жеп тауықтар мен түлкілер өліп жатыр деп. Жол бойы шашып, самосвал жүрген кезде, біз жүре алмаймыз, терезені жауып, пешті өшіреміз, сондада адам төзгісіз, — дейді Берік Құрманбаев есімді ауыл тұрғыны.

Жергілікті әкімдік мәселені экология департаментіне жеткізген. Олар сынама алғанша уақытша жүк тасымалын тоқтатқан. Бірақ, ұжымшар өкілі оны құлағына да қыстырмапты. Әкім болса экология департаменті бұл мәселені бірдеме ғып қолға алмаса, ауыл азаматтарымен бірге шығып мәселені өзінше шешпек

— Тасымалдаушымен және ауыл азаматтарымен бірге құстың қиын артып жатқан жерді барып бақылаймыз. Оған түсіндіріп айтамыз, былай жабасың, былай артасың, үстінен артуға болмайды деп. Заңға, ережеге сай тасысын деп үлгі ретінде бір камазға артып көрсетеміз, — дейді жаңадан сайланған Ростовка ауылдық округінің әкімі Төлеген Ргебаев.

Ростовка тұрғындарының өткір мәселесі жалғыз бұл емес. Көзге күйіктей болған ұжымшар ауылдағы жайылым жердің барлығын дерлік өзіне қайтарып алған. Салдарынан несиеге алған ірі қараны бағатын жер жоқ.

” Əкімдік мал ұстап отырған халыққа қазір кемі 32 мың гектар жер керек дейді. Ал ауыл жері 37 мың гектар. Бірақ оның 30 мың гектары өндірістік ұжымшарға тиесілі. Салдарынан ауылдық округке қарасты 3 бірдей ауыл ұлтарақтай 3 гектар жерге малын сиыстыра алмай əлек.

— Мал, бұзау мен сиыр түссе де, жылқы түссе де егінге түсті деп айыппұл салады, ал егіні ауылдың ішіне кіріп тұр. Бізге келгенде заң бар, халыққа, ал ақшасы барларға заң жоқ. полициясы бар, әкімі бар бәрі солардың сөзін сөйлейді, халықты ешкім жақатамайды, — деп шағымданды Мизам Балби есімді азамат

— Бүкіл халықтың мойнында несиесі бар, білесіңдер ғой, ауылды жақсартамыз деді, ал жарайды, 5–10 сиырдан халық мал алды несиеге, оның кредиті бар. Ал енді мал бағатын жер жоқ, оны аспанға баға алмайсың. Мысалы биыл бір рулон шөп 20 мың, бір 18 келі шөп, 1 500 теңге болды, бір 20 келіге жетпейтін кебек 2 мыңның үстіне шықты қазір, — деп шағымданып отыр ауыл ақсақалы Сұраубайй Сиыршыбайұлы.

Бұл істе ауыл әкімі түгіл аудан әкімі бас қатыруда. Бірақ шешім жоқ. Бір ғана жолы бар, ол малды үйірімен алып ауылдан ондаған шақырым қашықтықтағы жерге бағу. Бірақ, бұл ауыл тұрғындары үшін өте қолайсыз. Себебі сиырды күнде кешке сауу керек, ал ұсақ малды күнделікті көзден таса етсе, індет жұғып, құрттап қырылуы мүмкін.

— Бізге 32 мың гектар жер керек. Ол жер резеңке емес оны созып алатын. Екіншіден мына ПК иелерімен мемарандум жобасы дайындалып жатыр, екі тарап отырып келісім жасап, толық бір мәмілеге келеміз деп ойлаймыз, — дейді ауыл әкімі Төлеген Ргебаев.

Ростовка ауылының тұрғындары шыдамы таусылып, жол жапқаннан кейін аудан әкімдігі назар аударып, жиын өткізген. Бірақ халықтың нақты талаптары шешімін таппайтын сыңайлы. Себебі ұжымшар ресми жұмыс істеп тұр, сондықтан жерін тартып алуға негіз жоқ. Сондай ақ құс қиының тасымалдауына да тиым салуға себеп табылмай отыр.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»