Жер мемлекетке қайтарылды

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен бірге Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жердің жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселені талқылады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмен деңгейі, дизель отынының бағасы және тағы басқа мәселелерді көтерді.

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы құрамына партияның депутаттары, Бас прокуратураның, Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кіретін комиссия мүшелері ауыл тұрғындарының мәселелерін білу үшін еліміздің барлық өңірінде кездесу өткізіп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан және жекеменшікке заңсыз берілген ауылшаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Үш айдың ішінде «Amanat» партиясының араласуымен 10 өңірде 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында 1 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Біз бұл істі тоқтатпаймыз. Осы бағыттағы тұрақты жұмысты жалғастырамыз, – деді Асхат Оралов.

Мәжілістегі «Amanat» партиясының депутаты Ерлан Саиров жайылым тапшылығы жер саласындағы жалғыз мәселе емес екенін атап өтті.

– Ауыл тұрғындары мен шаруалар жер пайдалану құқығына, жер пайларын бөлуге қатысты бірқатар мәселе көтеруде. Кездесулер қорытындысы бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі, – деді ол.

Жергілікті тұрғын Нұрбол Арынбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары «Жер аманаты» комиссиясына үлкен үміт артады.

– Мал саны өсіп жатыр. Ал жем-шөп базасы жетіспейді. Әсіресе шағын шаруашылықтарға қиын. Жаңа жайылымдар, мемлекет тарапынан қолжетімді субсидиялар қажет, – деп атап өтті ол.

Шаруа Елдос Майлыбаев аудан тұрғындарының басым бөлігі ет және сүт шаруашылығымен айналысатынын атап өтті.

– Жайылым тапшылығы әр ауылда сезіледі. Комиссия жұмысының осы облыстағы нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл – қуанарлық жағдай. Партиялықтармен кездесуде өзге де түйткілді мәселелерді атап өттік. Ол мәселелер де өз шешімін табуы тиіс, – деді ол.

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек комиссия мүшелері жайылымдардың әділ бөлінуіне қол жеткізуді жалғастыратынын атап өтті.

– Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар барлық жайылымнан шеттетілді. Ауыл тұрғындары мұндай комиссияны күтіп отырғанын көріп отырмыз. Бәрін тексеріп, қазірде кейбір олигархтың жерін мемлекетке қайтарып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, заң алдында бәрі тең, – деді ол.

Сол күні партияның Қарағанды облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады.

Айта кету керек, жер мәселелерін неғұрлым жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактісі туралы «Amanat» партиясының «Жедел желі» 8-800-080-44-41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да (+7-700-800-44-41) қабылданады. «Жедел желіге» 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына берілді.

«Amanat» партиясының баспасөз қызметі