«ЖЕЛТОҚСАН ЫЗҒАРЫ»: ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ КИНОТУЫНДЫСЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Қарағандылық оқушылардың тәуелсіздікке арналған кинотуындысы жарық көрді. Қысқаметражды фильм «Желтоқсан ызғары» деп аталады. Онда Желтоқсан көтерілісінің желісі көрсетілген. Фильмнің режиссері де, актерлік құрамы да – оқушылар. Жалпы саны 40-тан астам бала жұмылдырылған. Идея авторы – 11-сынып оқушысы Сұлтан Амангелді. Оның сөзінше, режиссер болу – арманы.
– Режиссер болу балалық шақтан бері ойымда жүрген. 2017 жылы YouTube-та арна ашып бастағам. Түрлі ролик түсіріп жүрдім. Кейін осы тәуелсіздікке арнап жастар көретін бір туынды жасағым келді. Ұзақ болмаса да, кішкене болсын ой салатын дүние болса дедім. Фильм түсіріп болғаннан кейін оны үлкен теледидармен мектепте көрсеттік. Білмеймін, аянышты болды ма, бәрінің жылағысы келді. Өзімнің де жылағым келді аяғында. Өзіме ерекше әсер етті осындай фильм түсірген. Қатты ұнады, – дейді фильм режиссері Сұлтан Амангелді.
Фильмнің актерлік құрамын таңдау кезінде режиссер кейіпкерлермен түрі ғана емес, мінез жағынан да ұқсастық табуға тырысқан. Сонымен қатар көзі тірі Желтоқстан күрескерлерін дәріптеуге де барын салған. Оқиға желісіне көп жұрт біле бермейтін Гүлмира Мұстафина сынды батыр қыздарды арнайы қосқан.
– Мен тарихты өте жақсы көремін, болашақ мамандығым да осы салада. Сондықтан осы рөлді ұсынғанда қуана келістім. Бұл фильмде мен Мұстафина Гүлмираның рөлін ойнаймын. Қайсар, әділетсіздікке көзін жұма алмайтын қыздың рөлі. Менің байқағаным – біздің мінезіміздің бір жері ұқсайды. Мен де әділетсіздікті жаны сүймейтін жандардың қатарынанмын, – дейді Айдана Өмірзақова.
Фильм Желтоқсан көтерілісіне арналғандықтан қысқы мезгілде түсірілген. Оқушылар үшін бұл біршама қиын болыпты. Оның үстіне, 40 баланың басын қосып бір мезгілде ұйымдастыра білу де – оңай шаруа емес.
– Даладағы сценарийлер қиын болды. Суық болғаны өз алдына, біреуіміз қателесіп кетсек, барлығын қайта басынан бастау керек. Адамның көп болуы да қиындық тудырды. Кейін түрме ішін көрсету үшін жертөледе түсірдік. Қараңғы, лас жерде тыныс алудың өзі ауыр. Актер болу – арманым. Мен бұған дейінгі фильмде де ойнағанмын. Онда Мағжан Жұмабаевтың рөлін сомдадым. Болашақта, мүмкін болса, осы саланы жалғастырар едім, – дейді тағы бір актер Қанат Жүсіпбек.
Фильм түсіру үшін үлкен студия, кәсіби мамандар, арнайы құрал-жабдық емес, тек ынта керек. Мұны осы мектеп оқушылары дәлелдеп шықты. Ұжымда тіпті түсірілімнен кейін болашағын осы саламен байланыстыруды шешкендер бар.
– Жарық түсуін қадағалау, түрі көріне ме, түр әлпеті – барлығына мен жауап бердім оператор ретінде. Болашақ мамандығым осыған жақын десек те болады. IT саласы, оның ішінде медиа немесе ақпараттық қауіпсіздік саласына оқуға түспекпін. Мүмкін болса, кейін ірі жобаларға қатысып көрсем деген арманым бар, – дейді Санжар Ермеков.
Туындыны №14 мектеп-гимназия оқушылары жарыққа шығарған. Былтыр ғана ашылған оқу ордасында арнайы телестудия сыныбы бар. Ол камера, жарық беруші құралдар және қажетті жабдықтармен қамтылған.
– Бұл фильм оқушылардың қызығушылықтарына байланысты түсірілген. Яғни оқушыларымыздың бойындағы Отанға, еліне, жеріне деген патриоттық тәрбиені дәріптеу мақсатында түсірілген. «Әрбір бала – бір жұлдыз, тек жарқырауына көмектес» демекші, әрбір оқушының бойындағы жеке талантын, дарынын ескере отырып бағыт-бағдар беру әрбір ұстаздың тікелей міндеті деп есептеймін. Біз оқушыларымызды барынша қолдауға тырысамыз, – дейді №14 мектеп-гимназияның аға тәлімгері Мерей Хазирова.
Бұл – талантты құрамның алғашқы туындысы емес. Олардың қоржынында қысқаметражды тағы 4 фильм бар. Былтыр ғана Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған байқауда 1-орын иеленген. Оқушылар болашақта ірі жобаларды қолға алуды армандайды.
Нұрәсем АХАН,
«QH»