Желілік полиция – жауапты қызмет 

Қарағандыдағы орталық жолаушылар вокзалындағы теміржол полицейлерін көзіңіз шалған болар?!. Оларды желілік полиция қызметкелері деп айтады екен. Таңның атысы, кештің батысы жолаушыларға қолынан келген көмегін көрсетіп жатқанына сан мәрте куә болдық. Тіпті, жолаушылар вокзалында ұмыт қалдырған дүниелерді де қолма қол тауып береді. Өткенде желілік полиция қызметкерлерінің сондай бір игі ісіне куә болғаным бар. Жолаушылар вокзалына бас сұғып едім. Арнайы киім киген желілік полиция қызметкерлері «Қарағанды-Жезқазған» бағытында жүрейін деп тұрған поездың маңына жиналды. Кейін поездға отырғызу уақыты басталғанда полиция қызметкерлері бір отбасының жүгін көтерісіп, вагонына кіргізіп жатқанын көрдім. Бір қолында екі сөмкесі, екінші қолында кішкентай қызын көтерген ер адам поездға асығып бара жатыр. Соңында жұбайы мен ұлы еріп келеді. Екеуінің қолында да – үлкен сөмке. Бұны көрген полиция қызметкері жолаушының алдынан шығып, сөмкесін көтеріп, вагонына жеткізіп салды. Бұл – біз көрген бір ғана көрініс. Полиция қызметкерлері сол күні емес, әр поездың жүру уақытында осылай жолаушыларға көмектесіп жүреді екен. Жолаушылар қауіпсіздігі – басты міндет. Осы мақсатта желілік полиция қызметкерлері пойыз жолға шығардың алдында әр вагонға жеке-жеке кіріп, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Ал, бұл олардың күнделікті жұмысы. Шыны керек, желілік полиция қызметкерлерінің жұмысын елеп-ескеріп жатқан жолаушы жоқ. Бұл – көзге көрінбейтін үлкен іс. Әрі жауапты қызмет. Темір жолдағы жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалап жүрген жандардың ісіне тәнті болдық.

Ербол ЕРБОЛАТ