Желілер жаңарып, апат азаяды

Қарағанды өңірінде тозығы жеткен коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Жылу, су және электр инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобалардың ауқымы жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – апатты жағдайлардың алдын алып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен тұрақтылығын арттыру.

2025 жылдан бері өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 31 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал биыл Ұлттық жоба аясында құны шамамен 25 миллиард теңге болатын тағы тоғыз жоба қолға алынған.

Қарағанды қаласында жоспарланған жөндеу жұмыстарының 72 пайызы орындалды. Негізгі жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Тозған су желілері жаңартылады

Коммуналдық инфрақұрылымдағы өзекті мәселелердің бірі – су желілерінің тозуы. Кейбір учаскелердің жағдайы жыл сайын апатқа себеп болып, коммуналдық қызмет мамандарына қосымша салмақ түсіреді.

Су жүйесіне қатысты ірі жобалардың бірі Саран қаласында жүзеге асырылмақ. Мұнда проблемалық учаскелердегі сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар Қарағанды мен Теміртау арасындағы ескі су құбырын жаңасына ауыстыру көзделіп отыр. Жаңа жобаны жақын уақытта бастау жоспарланған.

Мамандардың мәліметінше, өңірдегі ескі құбырлардың шамамен 70–80 пайызы тозған. Қарағандыда тұрғындарға жақсы таныс бірнеше апатты учаске бар. Олардың қатарында цирк алдындағы аумақ, сондай-ақ «Ақжолтай» мен «Каскад» нысандарының маңындағы бөліктер бар. Бұған дейін бұл жерлерде жыл бойы апаттық жағдайлар жиі тіркеліп, жиналған суды тұрақты түрде сорып отыруға тура келген.

– Қаладағы апатты учаскелер тұрғындарға да, коммуналдық қызмет мамандарына да жақсы таныс. Мысалы, цирк алдындағы аумақта қысы-жазы бу шығып, суды үнемі сорып алуға тура келетін. «Ақжолтай» мен «Каскад» алдындағы учаскелерде де осындай мәселелер болды. Сондықтан мұндай жерлерде жыл сайын жөндеу жүргізіліп келді. Қазір мақсат – тек апатты жағдайды жою емес, желілерді түбегейлі жаңарту, – деді техникалық менеджер Марат Оралбаев.

 

Электр желілеріне де басымдық берілген

Жаңғырту жұмыстары электр инфрақұрылымын да қамтиды. Қазір электр желілерін жаңарту бойынша бес ірі жоба қолға алынған. Жұмыс барысында тозған әуе электр желілері, трансформаторлық қосалқы станциялар және басқа да қажетті жабдықтар ауыстырылады.

Бұл шаралар электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апаттық жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарына кедергі келтіретін шамамен 80 ағашты алып тастау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстардан кейін өтемдік көгалдандыру жүргізіледі.

Қазір қала бойынша 10 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Өткен жылы екі нысандағы жөндеу аяқталса, биыл тағы сегіз учаскені жаңарту жоспарланған. Жобаларды іске асыру барысында әр нысанның ерекшелігі ескеріліп, қажетті техника мен құрал-жабдықтар бөлінген.

– Негізгі мәселе – желілердің ұзақ жылдар бойы пайдаланылуында. Кейбір құбырлар әбден ескірген. Сондықтан белгілі бір учаскелерде апат қайталана береді. Жаңғырту жұмыстарының маңызы осында. Біз ақау шыққаннан кейін ғана жөндеумен шектелмей, желілерді алдын ала жаңартуға көшуіміз керек. Қазір бірнеше бағыт қатар қамтылып жатыр. Су, жылу және электр желілерін жаңарту бойынша жобалар іске асуда. Жұмыстардың едәуір бөлігі аяқталды. Негізгі міндет – жоспарланған жұмыстарды жылыту маусымына дейін сапалы аяқтау, – дейді маман.

Оның айтуынша, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде ең алдымен коммуналдық желілердің тұрақтылығы артып, апат саны азаюы тиіс. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Коммуналдық желілерді жаңғырту – тек бүгінгі мәселелерді шешу емес, қаланың инженерлік инфрақұрылымын алдағы жылдарға дайындау. Сондықтан қолға алынған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрғындар үшін де, өңірдің тұрақты дамуы үшін де маңызды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»