Жеделсаты орнату жалғасады
Қарағанды облысының қалаларында жеделсаты шаруашылығын жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Былтыр Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларындағы көпқабатты үйлерде 53 көтергіш орнатылды. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасады. Биыл Қарағанды қаласында 25 үйдің жеделсатысын ауыстыру жоспарлануда.
Облыс әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл құжат халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, желілер мен тазарту құрылыстарын жаңғыртуға бағытталған. Сондай-ақ тұрғын үй қорына қатысты шараларды қамтиды, ол шаралар: қасбеттерді, шатырларды, жеделсатыларды жөндеу, апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу.
– 2023 жылға арналған жоспарда облыс қалаларында халықтың суға қолжетімділігін 98,8%-ға, ауылдарда 93,7%-ға дейін жеткізу көзделген. Сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау бағытында 15 жоба көзделген. Бұдан басқа 200-ден аз халқы бар ауылдарда суды блок-модульді тазарту кешендері орнатылатын болады, – деді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Қайрат Бегімов.
Оның айтуынша, биыл жылумен жабдықтау саласында тоғыз жоба жоспарланған. Оларды іске асыру желілердің тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылға дейін бұл салада 27 жоба жоспарланған.
Қарағандыда 1979 жылы салынған тазарту құрылыстарын қайта жаңарту қажет. Жоба 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту тұжырымдамасында сонымен қатар үйлерді жылу мен суды есепке алу құрылғыларымен қамту жұмысын ұлғайту көзделіп отыр. 2026 жылға қарай деңгей 100%-ға жетуі керек.
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев инженерлік желілер мен жергілікті жылу көздерін техникалық тексеру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Сондай-ақ энергия объектілерін тексеру қажеттігі туралы айтты.